Қазақ тілінде мультфильмдер жасауға 350 млн теңге бөлінеді

30.10.2024 11:09

Депутат қазақ тіліндегі мультфильмдер өте аз, ал YouTube сияқты қолжетімді платформаларда мүлде жоқтың қасы екенін атап өтті

elements.envato.com

Елімізде қазақтілді мультфильм жасауға 350 миллион теңге бөлінеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Депутат қазақ тіліндегі мультфильмдер өте аз, ал YouTube сияқты қолжетімді платформаларда мүлде жоқтың қасы екенін атап өтті.

"Бүгінгі күні бұл үлкен мәселе, өйткені балалар теледидардан гөрі интернет пен YouTube-ты көбірек таңдайды. Балалар "Синий трактор" мен "Маша и Медведь" сияқты мультфильмдермен шектелмей, сапалы әрі қызықты қазақша мультфильмдерді көруі тиіс. Осы мақсатта, келесі жылдың бюджет жобасын қарастыру барысында, қазақ тіліндегі мультфильмдер жасауға 350 миллион теңге бөлуді және олардың тек теледидарға емес, міндетті түрде интернетке, соның ішінде YouTube-қа жүктелуін қамтамасыз ететін норманы заңға енгіздік. Бұл балалардың қазақ тілінде қызықты контентке қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді деп сенеміз", - деп жазды депутат.

Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, қазақша балалар контентін жасауда белгілі бір қиындықтар.

"Мәселен, "Балапан" телеарнасының контент жасаушыларға төлейтін қаражаты өте аз болғандықтан, олар тек қазақ тілін қолдау мақсатында жұмыс істеп, көбіне волонтер сияқты әрекет етеді. Сондықтан осы бюджет арқылы бөлінген қосымша қаражат қазақша контенттің сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз. Жалпы, балалар арасында қазақша контентті тұтыну бойынша сапалы ғылыми-зерттеу жүргізу қажет. Осыған байланысты Ғылым министрлігіне тиісті ұсыныс жасадық", - дейді ол.

Сонымен қатар Аймағамбетов әлемдік хит мультфильмдерді де мемлекеттік тілге аударып, YouTube-қа жүктеу маңызды екенін атап өткен.

"Бұл үшін авторлық құқық иелерімен ауқымды жұмыс қажет. Әзірге бұл мәселе толық шешілген жоқ, бірақ алдағы уақытта осы бағытта жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз", - дейді депутат.

Оқи отырыңыз: Алматыда қысқа дайындық қалай жүріп жатыр