Ақ үйдегі кездесу: Тоқаев пен Трамп стратегиялық серіктестікті кеңейтіп, $17 млрд келісімдерге қол қойды

07.11.2025 06:50

Тараптар стратегиялық серіктестікті кеңейту және Орта дәлізді дамыту жоспарын талқылады

Ақ үйде өткен келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға шақырғаны және қазақстандық делегацияға көрсетілген жоғары деңгейдегі қонақжайлық үшін АҚШ Президенті Дональд Трампқа алғыс білдірді, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың президенттігінің тарихи маңызын атап өтіп, оның басшылығымен АҚШ-тың әлемнің жетекші экономикалық, саяси және технологиялық державасы ретіндегі рөлін күшейтіп келе жатқанын айтты. Президенттің пікірінше, Америка көшбасшысы жаһандық қауіпсіздік, тұрақтылық және өркендеуді қамтамасыз ету ісіне маңызды үлес қосып отыр.

Қазақстан Президенті еліміздің АҚШ-тың бейбітшілік орнатуға бағытталған бастамаларын толық қолдайтынын мәлімдеді. Ол «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолы» (TRIPP) бастамасының Орта дәлізді одан әрі дамытуға ықпал ететінін айтты.

Дональд Трамп АҚШ-тың Қазақстанмен көпжоспарлы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бейілді екенін растады.

Сапар аясында Қазақстан мен АҚШ арасында құны 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды.

Келіссөздер барысында екі ел басшылары екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылап, болашақтағы өзара тиімді серіктестіктің перспективалы бағыттарын айқындады. Сонымен қатар президенттер халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Оқи отырыңыз: Қазақстан мен АҚШ аса маңызды минералдар туралы меморандумға қол қойды