Женевада Орталық Азияның денсаулық сақтау министрлері ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының басшысымен кездесті

18.05.2026 12:00

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова МСАК пен ДДҰ-ның Алматыдағы орталығының маңызын атап өтті

Depositphotos

Женева қаласындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының штаб-пәтерінде 79-шы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы аясында Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау министрлері мен ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюгенің бейресми кездесуі өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Талқылаудың негізгі тақырыбы – Орталық Азия елдерінің денсаулығы мен әл-ауқатын қолдауға арналған 2026–2030 жылдарға арналған Жол картасын (ОАЖК 2.0) одан әрі ілгерілету, сондай-ақ оны саяси тұрғыдан бекіту және іс жүзінде жүзеге асыру тетіктері болды.

Кездесу барысында өңір мемлекеттері ОАЖК 2.0 құжатын іске асырудың келесі кезеңіне өтуге дайын екендіктерін мәлімдеді. Бұл кезеңде мынадай бағыттарға басымдық берілмек:

  • Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті (МСАК) дамыту;
  • Денсаулық сақтау жүйелерінің тұрақтылығын нығайту;
  • Төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыру;
  • Кадрлық әлеуетті арттыру және мамандар даярлау;
  • Денсаулық сақтау саласындағы бірлескен инвестициялық бастамаларды ілгерілету.

Жиында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстан бұл Жол картасын өңірдегі бірыңғай денсаулық сақтау архитектурасын қалыптастырудың және өзара ынтымақтастықты кеңейтудің тиімді құралы ретінде қарастыратынын атап өтті.

«Бүгінде Орталық Азия өңірлік өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін және денсаулық сақтау мен тұрақты даму мәселелерін бірлесіп шешуге деген ұмтылысын көрсетіп отыр. Бізде алға жылжу үшін қажеттінің бәрі бар: саяси ерік-жігер, елдер арасындағы сенім, халықаралық серіктестердің қолдауы және денсаулыққа салынған инвестиция – өңірдің тұрақты болашағына салынған инвестиция екенін ортақ түсіну басым», – деп қадап айтты ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова.

Кездесуде алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан заманауи медициналық жүйенің жаһандық негізіне айналған 1978 жылғы Алматы декларациясы мен 2018 жылғы Астана декларациясының тарихи мұрасына сүйене отырып, халықаралық деңгейде МСАК принциптерін ілгерілетуге бейілділігін тағы да растады.

Сонымен қатар, тараптар ДДҰ-ның Алматыдағы МСАК жөніндегі еуропалық орталығының қызметін бөлек талқылады. Бүгінгі таңда бұл орталық өңірдегі сарапшылық қолдау көрсету, мамандарды оқыту және алғашқы көмектің заманауи тәсілдерін енгізу бойынша негізгі тұғырнама болып табылады.

Кездесу аясында Қазақстан МСАК жөніндегі жаһандық елдер коалициясын ілгерілетуге және ДДҰ-мен, халықаралық серіктестермен тәжірибелік ыңғайда ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін білдірді. Талқылау қорытындысы бойынша Орталық Азия елдері мен ДДҰ 2026–2030 жылдарға арналған ОАЖК 2.0 жобасын толыққанды іске қосу үшін бірлескен үйлестіру жұмыстарын жалғастыруға уағдаласты.

Оқи отырыңыз:   Nuctech жобасы Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға серпін береді