Жаңа жылдан бастап қазақстандықтарға жеке куәлік тегін беріледі

22.12.2025 11:26

Бұл құжатты алғаш рет рәсімдейтіндерге және жарамдылық мерзімі аяқталған кезде ауыстыратын азаматтарға қатысты

фото Victor Glutsenko

Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов 2025 жылдың қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтер барған сайын автоматтандырылып, қолжетімді әрі ыңғайлы бола түсуде. Жыл сайын цифрлық сервистерге сұраныс артып келеді, бұл азаматтардың мемлекетпен жедел әрі сапалы өзара іс-қимылға деген сенімін көрсетеді.

– Көші-қон қызметі жыл сайын шамамен 8 миллионға жуық миграциялық қызмет көрсетеді. Бұл қызметтерге сұраныс жыл сайын өсіп келеді, – деді полиция полковнигі.

Жыл басынан бері көші-қон қызметі комитеті:

  • 1,9 млн жеке куәлік,

  • 1,1 млн ҚР азаматының паспорты,

  • 303 мың балалар паспортына құжат рәсімдеген.

Қазақстан ІІМ құжаттандыру саласында цифрландыруды белсенді түрде енгізіп келеді. Паспорттарды электронды рәсімдеу енді тек ел ішінде ғана емес, шетелдегі 71 елде орналасқан 99 мекемеде де қолжетімді. Шетелде жүрген қазақстандықтар енді паспортты бұрынғы 6 айдың орнына 30 күн ішінде ала алады. Бұл бағыттағы жұмыс азаматтар үшін қолайлылықты арттыру мақсатында жалғасын табады.

– Бізде халықты құжаттандырудың бірыңғай жүйесі бар. Сол арқылы ЖСН қалыптастыру, азаматтарды тіркеу, мекенжай бойынша есепке қою, паспорт пен жеке куәлік дайындау жүзеге асырылады, – деді Аслан Аталықов.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақстандықтарға жеке куәлік алғаш рет берілгенде және мерзімі аяқталған соң ауыстырылған кезде тегін рәсімделеді. ІІМ бастамашы болған бұл тәжірибе құжат алу процесін жеңілдетуге және азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған.

– Алғашқы жеке куәліктер тегін беріледі. Сонымен қатар жеке куәліктің мерзімі аяқталған жағдайда да мемлекеттік баж алынбайды, – деп түйіндеді спикер.