Қазақстан арқылы өткізбек болған 42,2 тонна тауық еті Қытайға кері қайтарылды

Cristian Guillen/ unsplash.com/
Cristian Guillen/ unsplash.com/

Аталған жүк Қазақстан Республикасында құс шаруашылығы өнімдеріне қатысты қолданыстағы уақытша шектеуді бұзып тасымалданған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің мамандары 42,2 тонна мұздатылған тауық филесінің заңсыз транзитіне жол бермеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

"Жетісу облысы Панфилов ауданындағы «Нұр-Жолы» ветеринариялық бақылау бекетінде Қытай Халық Республикасынан Түрікменстанға бағытталған, терісі мен сүйегі алынған 42,2 тонна мұздатылған тауық филесінің заңсыз транзитіне жол бермеді", — делінген хабарламада.

Аталған жүк Қазақстан Республикасында құс шаруашылығы өнімдеріне қатысты қолданыстағы уақытша шектеуді бұзып тасымалданған. 

"Уақытша шектеу тірі құсқа, инкубациялық жұмыртқаға, мамық пен қауырсынға, кемінде 70°C температурада термиялық өңдеуден өтпеген өнімдерге, құсқа арналған жем мен жемдік қоспаларға (микробиологиялық және химиялық жолмен алынған қоспалардан басқа), сондай-ақ пайдаланылған құс ұстауға, союға және өңдеуге арналған жабдыққа қатысты", — дейді ведомстводан.

Ақпаратта айтылған құқық бұзушыға, яғни жеке тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. 

"Өнім толықтай шыққан елі Қытай Халық Республикасына кері қайтарылды", — деп хабарлайды АШМ.

Осы орайда Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын ветеринариялық-санитариялық талап пен шектеуді қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. 

Оқи отырыңыз: Премьер-министр өткізу пункттеріндегі жұмыстың баяу жүріп жатқанын сынға алды

 

Новости партнеров