Үкімет азаматтық пилотсыз авиацияны дамытудың 2025-2031 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткен
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Қорғаныс министрлігі 2026 жылы пилотсыз ұшатын аппараттардың қозғалысын басқаратын арнайы орталық құруға кіріседі. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің Мәжіліс депутатының сауалына жолдаған жауапта айтылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
"Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге «Ерекше тауарларды бақылау туралы» Заңға сәйкес нақты тауарлардың экспорты мен импортын қолданыстағы бақылауды ескере отырып, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде ПҰА таңбалау мәселесін шешу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Осылайша, жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша заңсыз айналымды болғызбау және шығарылған жерінің қадағалануын қамтамасыз ету үшін ПҰА таңбалауға қойылатын бірыңғай техникалық талаптарды әзірлеу жоспарланған", — делінген жауапта.
Үкімет азаматтық пилотсыз авиацияны дамытудың 2025-2031 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткен.
"Пилотсыз жүйелерді дамыту жөніндегі 2025-2031 жылдарға арналған арнайы бағдарлама шеңберінде ұшу ақпаратын тиімді жинау үшін (Өнеркәсіп министрінің 2025 жылғы 23 мамырдағы № 177 және Қорғаныс министрінің 2025 жылғы 26 мамырдағы № 608 бірлескен бұйрығымен бекітілген) 2026 жылдың 1 тоқсаны ішінде ПҰА ұшуын басқарудың, бақылау мен келісудің бірыңғай орталығын құру жөніндегі жоспарды әзірлеу көзделген. Тұжырымдама аясында әзірлемелер тізбесін қалыптастыру, білім беру бағдарламаларын енгізу және кадрлар даярлау, экономика салаларында қолдану аясын кеңейту, өндірісті қолдау, жауапкершілікті қатаңдату және ПҰА қауіптерін бейтараптандыру жөніндегі іс-шаралар көзделген", — деп жазады Премьер-министр.
Оқи отырыңыз: Камчаткада күшті жер сілкінісі болды