Мемлекет басшысы АЭС салуда Үкіметтің қай компанияларға басымдық беретіні туралы атап өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Президент АЭС салуда Үкіметтің қай компанияларға басымдық беретіні туралы атап өтті.
Оның айтуныша, Владимир Путиннің Астанаға сапары кезінде осы мәселе туралы талқыланды.
"Жобаға тапсырыс беруші ретінде Қазақстан жағы Консорциумда бас оператор болады деп уағдаластық. Атом стансаларын салуға байланысты шетелдерде тәжірибесі мол, білігі жоғары «Росатом» компаниясының жобаға қатысуы мүмкін екені айтылды. Сондай-ақ Қытайдың азаматтық мақсатта қолданылатын ядролық нысандар салу ісіндегі зор жетістіктері ескеріле отырып, осы елдің компаниясымен де келіссөз жүргізіліп жатыр. Жобаға басқа да мемлекеттердің, оның ішінде Батыс елдерінің корпорациялары қызығушылық танытып отыр", - деп атап өтті Президент.
Оның айтуынша, биыл конкурстық рәсімдер өткізіледі. Содан кейін Үкімет түпкілікті шешім қабылдайды.
"Қазақстанға қуатты атом стансасы қажет екені анық, мен бұған сенімдімін. Оған қоса, таяу арада екінші, тіпті үшінші атом электр стансасын салуымыз мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Ядролық өнеркәсіп саласы қазірдің өзінде энергетика тапшылығына тап болып отырған экономикамызды өркендетуге зор серпін береді. Қазақстан ядролық энергетикасы дамыған елге айналуы қажет деп санаймын. Оның болашағы зор", - деді Мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Ерлан Қарин Президент сұхбатының маңызды тұстарын атады