Қазақстан мен Марокко қылмыскерлерді өзара ұстап беруге келісті

30.10.2025 19:58

Елімізде мыңнан астам шетелдік сотталған

Енді Қазақстан мен Марокко қылмыскерлерді бір-біріне ұстап береді. Сенат депутаттары тиісті келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.  

Құжатқа сай, екі ел қылмыстық істер бойынша ақпарат алмасып, құқық бұзушының жүрген жерін анықтап, нақты деректер беруі керек. Сондай-ақ жазаға тартылған адамды келесі тарапқа беру егемендікке, қоғамдық тәртіпке қауіп төндірсе не екі елдің заңына қайшы келсе, мемлекет қылмыскерді беруден бас тартуға құқылы.

Сенатор Наурызбай Байқадамовтың айтуынша, келісімге келген екі мемлекеттің түрмелерінде қазір құқық бұзған азамат жоқ.

Десе де, Қазақстанда мыңнан астам шетелдік сотталған. Олардың басым көпшілігі өзбекстандықтар екен. Ал 958 қазақстандық шекараның арғы бетінде темір торда отырса, оның 700-ден астамы Ресейде қамалыпты. Олар түрлі баптар бойынша жауапкершілікке тартылған.

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, шетел түрмелерінде жазасын өтеп жатқан Қазақстан азаматтары елге қайтарылуы үшін өз келісімін жазбаша түрде беруі қажет.

«Бұл – өте күрделі мәселе. Өздеріңіз білесіздер, әсіресе алыс шетелдерде біздің азаматтарға жазасын өтеу оңай емес. Мысалы, олардың көбі сол елдің тілін меңгеріп үлгермеген. Сол сияқты, біздің елде жүрген шетел азаматтарының да көбі мұндай мүмкіндіктің бар екенін білмейді», – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев.

Оқи отырыңыз: Президент Қызылорда облысының даму қарқынына оң баға берді