Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы әуе рейстерінің саны артады

25.08.2025 15:11

Жүздесуде қос тарап мәдени және халықаралық ынтымақты ілгерілету мәселесін де сөз етті

Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында діни байланыс нығайып, туризм дами түспек, деп хабарлайды Almaty.tv.

Нақтырақ айтқанда, қажылық рәсімдер оңтайланып, әуе рейстерінің саны артады. Бұл бастама еліміздің Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов пен Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және умра істері министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабианың ресми кездесуінде талқыланды. Сонымне қатар жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты. Жүздесуде қос тарап мәдени және халықаралық ынтымақты ілгерілету мәселесін де сөз етті.

 «Біздің сапарымыздың басты мақсаты – екі ел арасындағы тарихи байланысты нығайту. Қазақстаннан Сауд Арабиясына келетін қажылар саны жыл санап көбейіп келеді. Сондықтан оларға тиісті жағдай жасалуы керек. Бүгін біз үш жақты кездесу өткізіп, туризм мен мәдени ынтымақтастықты дамыту жоспарын құрдық», – деді Сауд арабиясы корольдігінің қажылық және умра істері министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиа.

«Қажылыққа, Умраға бару жолдары біраз жеңілдетілді. Соның ішінде екі ел арасында тікелей авиабайланыстардың ашылуы, виза алу мәселесі, қонақ үйлерге орналасу, басқа да сұрақтардың жеңілдетілді, Аллаға шүкір. Бүгінгі сапарда да осы мәселелердің бағыттары талқыланып, ұсыныстар айтылып жатыр. Алла қаласа, алдағы уақытта екі елдің жауапты мекемелерімен бірлесіп, шешетін боламыз», – деді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Конго президентінің арнаулы өкілі Патрик Мпойи Луабеяны қабылдады