Алдағы жылдары Қазақстандағы жоғары оқу орындарына шетелдік студенттер көптеп келеді
Алдағы жылдары Қазақстандағы жоғары оқу орындарына шетелдік студенттер көптеп келеді. Бұл туралы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткен кездесуде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, халықаралық серіктестіктер мен жаңа білім беру бағдарламаларын ұтымды пайдалану арқылы елімізді Орта Азиядағы білім беру хабына айналдыру көзделген.
«Алматының шеңберінде академиялық үлкен орталық құрып жатырмыз. Мысалы Қаскелеңде Сүлейман Демерель университетінің жанында 40 мың шаршы метрлік кампус салынып жатыр. Кемінде 15 мың студентке 60 мың шарша метрге қосымша жатақхана. Бұл қаланың сыртында, толық кампус форматында», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
2029 жылға қарай елдегі студенттер саны 1 миллионға жетеді деп болжап отыр. Сондықтан ведомство басшысы жиында университеттер саны мен ондағы мүмкіндіктерді арттыру жоспарын талқыға салды. Кездесуде Саясат Нұрбек жасанды интеллект бағыты бойынша кадр даярлау, ғылыми жобаларды қаржыландыру, жас ғалымдардың халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуын кеңейту мәселелерін де күн тәртібіне шығарды.
Оқи отырыңыз: Мектепке дайындық: ата-аналардың есепшотына 20 млрд теңге аударылды