Республика күні тарихының бастауы 1990 жылдың 25 қазанымен тығыз байланысты
Егемендік туралы декларацияны қабылдау халқымыздың сан жылдар бойғы арманынан туған тарихи қадам болды. Маңызды құжатта ел аумағының тұтастығы саяси, құқықтық һәм экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Жалпы айтсақ, бұл арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет, қазіргі Қазақстанның негізі қаланды. Тарихи сәттің куәсі болғандар еліміз бұл шешімді егемендікке ұмтылыс пен тәуелсіздікке деген сенімнің арқасында қабылдады дейді. Дәл осы құжат әлемге Қазақстанның өз тізгінін өз қолына ала алатынын көрсеткен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Республика күні тарихының бастауы 1990 жылдың 25 қазанымен тығыз байланысты. Дәл осы күні Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесі «Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны» қабылдады. Бұл құжат Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашқан тарихи шешім болды. Ресми дерекке сәйкес, декларацияны қабылдау кезінде 261 депутат қолдау білдірген. Алайда егемендікке деген халықтың ұмтылысы тек сол жылы емес, одан әлдеқайда бұрын басталған еді. Сол кезеңнің куәгерлері ұлттың азаттық пен дербестікке деген сенімі мен жігері талай сынға түссе де, ешқашан өшпегенін айтады. Міне, осы рухтың нәтижесінде Қазақстанның тәуелсіздікке бастар алғашқы қадамы егемендік декларациясы қабылданған болатын.
«Сан мәрте жаншып тұншықтырса да, ұлттың бойында азаттық пен дербестікке деген ұмтылыс өшкен жоқ. Оған Алаш қайраткерлерінің ағарту қызметі, олардың ісін жалғастырған Мұхтар Әуезов, Ермұхан Бекмахановтардың еңбегі және олардың ізбасарлары болған 1960 жылдардағы ақын-жазушылардың еңбегі негіз болды. Сол себептен де Егемендік туралы декларацияны қабылдауға ұлтымыз іштей дайындықпен келді», - деді Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов.
Декларацияда елдің аумақтық тұтастығы, қазақ тілін, мәдениеті мен ұлттық болмысын сақтау және дамыту сынды маңызды қағидаттар айқын көрсетілді. Сенат депутаты Әли Бектаевтың айтуынша, бұл күн - халқымыздың рухын көтеріп, елдік сананы жаңғыртқан ерекше дата. Ол сол кезеңді еске ала отырып, тәуелсіздік жарияланғаннан кейін халықтың тұрмысы оңай болмағанын айтты. Дегенмен, жұрт қиындыққа мойымай, ең басты байлық тәуелсіз ел болу екенін түсінді дейді.
«Декларация қабылданған кезде мен Астанада емес, өңірлерде қызмет істедім. Сол себепті ел ішіндегі халықтың көңіл күйін жақсы білемін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өте ауыр болды. Экономикалық, қаржылық, көлік байланыстары үзіліп, жағдай қиын еді. Бюджет жоқ, жарық жоқ, газ жоқ, адамдар айлап емес, жылдап жалақы алмады. Сол кезде халықтың төзімі мен түсінігіне риза болдық. Халық ең басты байлық Тәуелсіздік екенін түсінді. Бар қиындыққа қарамастан, олар «бұл қиындықтар артта қалады, ал еркін ел болудың жемісін көреміз» деген сеніммен өмір сүрді», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев.
Ел үшін ең маңызды тарихи құжат қабылданғаннан кейін қазақ халқы жауапкершілікті терең сезінді, бұл ел болашағына деген сенімді нығайтты.
«Егемендік декларациясы арқылы біз әлемге өз тізгініміз өз қолымызда, өзіміздің тағдырымызға, өзіміздің ішкі ісімізге, өзіміздің еліміз бен жерімізге өзіміз жауаптымыз деп жарияладық. Яғни, сол күннен бастап мойнымызға азаматтық жауапкершілік ілінді. Ендеше біз жаңа заманда, егемен, тәуелсіз Қазақстанда бұл қасиетті ұғымдарды бақ пен бақыт деп қабылдай отырып, үлкен сынаққа да төтеп беруіміз қажет болды. Бұл ішкі рухани жұмысты әр адамның азамат ретінде ата-баба әруағымен келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігін еске салатын сәт болды», - деді Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов.
Айта кетейік, Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін Республика күні жыл сайын 25 қазанда аталып өтетін. 1995 жылы бұл күнге «ұлттық мереке» мәртебесі берілді. Бірақ 2001 жылы ол «мемлекеттік мереке» санатына ауысып, кейін 2009 жылы мерекелер тізімінен мүлде алынып тасталды. Сол себепті он жылдан астам уақыт бойы 25 қазан ресми түрде тойланбай келді. Ал 2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайта жаңғыртуды ұсынды. Оның бастамасымен бұл күнге қайтадан «ұлттық мереке» мәртебесі беріліп, еліміздің басты мейрамдарының біріне айналды.
Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Қазақстанның сыртқы саясатына әлем сенім білдіреді: 35 жылдағы дипломатиялық жетістіктер