Қазақстан суды ысырап ету бойынша әлемде алдыңғы орында

12.05.2025 20:35

Мәжілісмендер суды үнемдеп пайдалану жолдары халық арасында кеңінен қолданылмай отырғанына алаңдаулы

Үкімет сағатында депутаттар осылай деп дабыл қақты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мәжілісмен Серік Егізбаев суды үнемді тұтынудың жалпыұлттық мәдениетін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылмағанын айтып, министрге шүйлікті. Айтуынша, мемлекет қабылдап жатқан шаралар әлі күнге дейін еш нәтиже бермей отыр.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылғанына 2 жыл болса да, салада күрмеуі шешілмеген мәселе көп әлі. Үкімет сағатына келген ведомство басшысы Нұржан Нұржігітовке депутаттар алдымен жер емген шаруалардың жайын жайып салды. Биыл еліміздің біраз өңірін қуаңшылық жайлап, жұртқа едәуір қиындық әкелген. Су көздерінің тапшылығы әсіресе, Түркістан облысының диқандарына оңайға тимей тұр.

«Малға азық табу мұңға айналып, тіршіліктің тауқыметі арта түсті. Халық күнде тасаттық беріп, тәңірге жалбарынып отыр. Мен күні кеше ғана Бәйдібек ауданында шаруаларға жолығып, егіннің басында болдым. Енді жаңбырдан күдерін үзіп, шаруалар сол еккен егіні мынау комбайн орағына ілінсе екен деп құдайдан тілеп отыр», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков.

Мәжілісмендер суды үнемдеп пайдалану жолдары халық арасында кеңінен қолданылмай отырғанына алаңдаулы. Депутат Болатбек Нажметдинұлы биыл суармалы судың көлемі екі есе аз екенін айтты. Шілде айында күн қатты ысығанда шаруалар шырылдап қалады деген депутат, министрлік жергілікті биліктің су бөлудегі бей-берекет іс-әрекетін қадағаламай отыр деп шүйлікті. 

«Сіздің өңірдегі азаматтарыңыз, басшыларыңыз ұйықтап қалған. Баяғы ескі КВР-ден қалып кеткен, комитет водных ресурсовтен қалып кеткен мамандарыңыз отыр. Неге ауыстырмайсыздар? Неге шара көрмейсіздер? Тағы айта кететін нәрсе, приоритет тамшылатып суару бойынша приоритетті былай қойып қойған сіздің министрліктің азаматтары да, жергілікті атқарушы органдар да. Бұл министрлік құрылды. Қуандық. Бірақ, баяғы жартас сол жартас болып тұр бүгінгі таңда оңтүстікте.Мен бір өзгеріс көрген жоқпын», – деді  ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Болатбек Нажметдинұлы.

Ал өңірлерде «су ұрлығы» тоқтамай тұр деген депутат Ерлан Сайыров «Қазсушар» мекемесінің жұмысын сынға алып, Нұржан Нұржігітовтен аймақтардағы заңсыз шаралар қашан жойылады деп төтесінен сұрады.

«Жыл сайын еліміздегі су ресурстарының 40 пайызы заңсыз кетеді екен. Ең бірінші, ірі жобаларды іске асырмас бұрын, біз бар суды шаруашылыққа үнемді пайдалану мәселесін көтеруіміз керек. Бұл – басты мәселе. Бірақ, өкінішке қарай, сіздер әлі күнге дейін қолда бар суды үнемдеудің нақты механизмін жасап шығарған жоқсыздар», – деді деді  ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.

«Қара нарыққа байланысты рас айтқаныңыз. Қазір еліміз бойынша “Қазсушармен” келісімшарт жасамай, заңсыз су алатындар бар. Бұл – үлкен мәселе. Сонда біз мұны қалай шешіп жатырмыз? Бүгінде “Қазсушар” кәсіпорны келісімшарттарды электронды форматқа көшіруді бастап кетті. Бұл ең алдымен бақылауды күшейту үшін жасалып жатыр. Электронды жүйе арқылы кім, қанша су алып отыр — бәрін нақты қадағалауға мүмкіндік болады», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Су саласындағы өзекті проблеманың бірі - маман тапшылығы. Қазірдің өзінде үш мыңға тарта инженер-гидротехник, ирригатор, су ресурстарын басқаратын қызметкер жетіспейді. Жыл сайын елімізде небәрі 200-ге жуық маман даярланады екен. Алайда бұл сұраныстың 7 пайызын ғана жабады, - дейді депутаттар.

«Былтырғы жылы 500-ден астам студент су шаруашылығы мамандарына барған екен. Бірақ бүгінгі таңда су шаруашылығындағы айлық жалақы бұл басқа коммуналдық айлық жалақыдан едәуір төмен. Соған байланысты соңғы 10 жылда аталған саладан 30 пайыз мамандардың кетіп қалуына және бүгінгі таңда жастардың келуіне үлкен кедергі болып отыр», – деді  ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова.

Министр Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, Сенат депутаттарының қарауында жатқан табиғи монополия туралы заң мақұлданса, алдағы уақытта су мамандарының жалақысы 50 пайызға дейін көтерілмек. Жалпы салада уақыт оздырмай шешуді талап ететін мәселе көп. Десе де, ілгерілеу де жоқ емес. Президент тапсырмасына сай, саланы цифрландыру тетігі қолға алынған. Суармалы су, ауыз суға сараланған тарифтер жүйесі енгізілген.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, «Алматы» телеарнасы