Қазақстанда жаңа технология қарқын алған салалар қатарында білім, қаржы және денсаулық сақтау салаларын атап өтуге болады
Қазақстан жасанды интеллект енгізуге дайын 50 елдің қатарына енді. Макинзи (McKinsey) халықаралық консалтингтік компаниясы елімізде нейрожеліні қай салада қолдану тиімді болатынын атады. Ол - географиялық ақпараттық жүйелер мен кеңістік деректері арқылы мемлекеттік қызметтерді трансформациялау, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жер жаһанды жаулап бара жатқан жасанды интеллектіні әлем елдері экономиканың барлық саласына белсенді түрде енгізіп жатыр. Қазірдің өзінде нейрожүйе еңбек нарығынан бастап, инфрақұрылым мен жеткізу қызметі саласында кеңінен қолданылуда. Халықаралық валюта қорының дерегінше, жасанды интеллект әлем бойынша барлық жұмыс орындарының 40пайызына әсер етеді. Кейбір салалар тіптен оның базасында автоматтандырылған. Ғалымдар ұйымдар мен жеке тұлғаларға жаңа технологияның қыр-сырын меңгеруге кеңес береді. Кей болжамдарға сәйкес, 2300 жылға қарай нейрожелі адамның ақыл-ойына бәсеке бола алады. Сондай-ақ әлемдік экономикаға 4 трлн доллардан астам қаражат әкеледі-мыс. Қазір әлем елдері жасанды жадыны қолдану стандарттарын бекітуге күш салып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, нейрожүйенің қолдану қағидалары бекітілмесе де, ұйымдар заңдық және қаржылық тәуекелдердің алдын алу үшін қазірден бастап қамдануы қажет. Халықаралық валюта қорының мәліметінше, 2023 жылы жасанды интелектті енгізуге дайын елдер индексі бойынша Сингапур көш бастады. Одан соң Дания және АҚШ елдері болашақ технологиясына дайын болып шықты.
Ал орталық Азия елдеріне келер болсақ, Қазақстан алғашқы 50 мемлекет қатарына енді. Көршілес Ресей 0,56 балл индекспен 47-орына жайғасса, Қазақстан 0,55 баллмен 48-орында. Алда әлі 30 елдің қатарында болады деген сенім бар
Қазақстандағы нейрожелінің даму қарқыны белсенді. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар арқылы қолдау көрсетіліп жатыр. Басты мақсат – бизнес-процестерді автоматтандыру деңгейін көтеру, экономиканың түрлі салаларында жасанды интеллектіні енгізу. Қазақстанда жаңа технология қарқын алған салалар қатарында білім, қаржы және денсаулық сақтау салаларын атап өтуге болады. Сондай-ақ тау кен өндірісі, мұнай салалары да цифрландыру есебінен жартылай автоматтандырылады.
Сала маманының айтуынша, жасанды интеллект жаңа дүние болғандықтан кадр дайындау мәселесі енді қолға алынады. Ал қандай маман қажеттігіне тоқталар болсақ, сарапшы 2 маңызды санатты ерекше атап өтті.
"Біріншісі - Дата сайнтист. Бұл көлемді деректермен жұмыс істеп, оларды талдауға қабілетті мамандар. Сондай-ақ ақпаратты қорғауға машықтанғандар. Екіншісі – промптер. Бұл жаңа мамандық деп айтса да болады. Негізгі қызметі - дұрыс сұрау жіберу арқылы жасанды интеллектіден тұщымды жауап алу. Қарапайым адам нейрожүйеге сұрау жіберсе, мардымды жауап алуы екіталай. Себебі сұрақ дұрыс құрастырылмаған. Промптер маман кәсіби түрде сұрау жіберу арқылы жаңа технология мүмкіндіктерін кеңінен пайдалана алады", – деді Киберқауіпсіздік, IT және маркетинг салалары бойынша сарапшы Евгений Питолин.
The-steppe.com сайтының келтірген дерегіне сүйенсек, қазір Қазақстанның 17 жоғары оқу орнының 2 мыңнан астам студенті жасанды интеллект бойынша білім алып жатыр. «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде жыл сайын 100-ге жуық шәкіртақы қарастырылған.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде сөз сөйледі