Қазақстанда АЭС-ті кім салатыны белгілі болды

16.06.2025 21:22

Атом электр стансасының құрылысы – ұзақмерзімді әрі стратегиялық маңызды жоба

Қазақстанда алғашқы ірі АЭС кім салатыны белгілі болды. Таңдау ресейлік «Росатом» компаниясына түскен. Соңғы тізімге Қытай, Франция, Оңтүстік Корея және Ресейлік компаниялар енген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елдегі алғашқы ірі АЭС құрылысына бас мердігер ретінде ресейлік «Росатом» компаниясы таңдалды. Сарапшылардың айтуынша, «Росатом» ВВЭР-1200 атты заманауи әрі қауіпсіз реакторларын ұсынып отыр. Бұл технология бүгінде Қытай, Түркия, Мысыр сияқты елдерде сәтті қолданылуда. Сонымен қатар Ресей – ядролық отын циклының барлық кезеңін өзі жүргізе алатын санаулы елдердің бірі. Бұл жобаның толыққанды әрі кешенді түрде жүзеге асуына мүмкіндік бермек.

 «Росатом» – әлемдегі ядролық технологиялардың негізін қалаушы, ең дамыған әрі тәжірибесі мол «атом мектебіне» ие компания. 1954 жылы әлемдегі алғашқы атом электр стансасы Обнинск қаласында іске қосылды. Сонымен қатар, әлемдегі алғашқы өнеркәсіптік жылдам нейтронды реактор – БН-350 ресейлік технология бойынша салынған және ол Каспий теңізінің жағалауындағы Ақтауда жұмыс істегенін атап өткен жөн», – делінген Қазақстан республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің хабарламасында.

Атом электр стансасының құрылысы – ұзақмерзімді әрі стратегиялық маңызды жоба. Ресми деректерге сүйенсек, құрылыс жұмыстары шамамен 10–12 жылға созылады. Демек АЭС толық қуатымен 2035–2036 жылдары іске қосылады деп жоспарланып отыр. Мұндай мерзім халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келеді. Сарапшылардың айтуынша, жобаның техникалық күрделілігі мен қауіпсіздік талаптарын ескерсек, бұл орынды уақыт аралығы. Сондай-ақ олар «Росатом» компаниясын серіктес ретінде таңдау дұрыс әрі салмақты шешім деп бағалайды. Себебі бұл компанияның АЭС саласындағы көпжылдық тәжірибесі мен заманауи технологиялары бар.

«Росатомның» түрлі жобаларында әлем бойынша 10 мыңға жуық қазақстандық маман жұмыс істеп жатыр деп айтуға болады. Бұл — сол жерде білім алған немесе кейін жұмыс істеген инженерлік кадрлар. Жалпы алғанда, Росатом мемлекеттік корпорациясында 400 мыңнан астам адам қызмет етеді. Бұл – шын мәнінде әлемдік ядролық өнеркәсіптің флагманы. Сондықтан Қазақстанның дәл осы компанияны таңдауы мен үшін қисынды әрі түсінікті шешім болды», – деді сарапшы Олжас Байділдинов

Агенттіктің мәліметінше, АЭС-тен өндірілетін электр энергиясының тарифі жобаның жалпы құнына, пайдалану шығындарына және қаржыландыру шарттарына байланысты болады. Мамандар «шығындарды өтеу мерзімі кезінде тариф қолданыстағы көмір стансаларына қарағанда жоғары болуы мүмкін, бірақ кейін төмендеуі ықтимал» дейді.

«Шын мәнінде, атом электр стансасын салу құны жылу электр стансасына қарағанда жоғары, бірақ АЭС-те техникалық қызмет көрсету мен жанармай шығындары аз болады. Сондықтан жалпы есептегенде, бүкіл өмірлік циклі бойынша бұл энергия көздерінің шығындары бір-біріне жақын болуы мүмкін. Сол себепті АЭС салынғаннан кейін жеке тұтынушылар үшін тарифтердің өзгеруі электр энергиясы қымбаттайды дегенді білдірмейді. Сонымен қатар бірнеше жыл бұрын Ұлттық ядролық орталық техникалық-экономикалық зерттеу жүргізген болатын. Нәтижесінде, АЭС-те өндірілетін электр энергиясының құны ЖЭС-тегі өзіндік құнмен салыстырмалы екені анықталды. Кей жағдайларда, тіпті АЭС-тен өндірілетін электр энергиясы жылу электр стансасына қарағанда арзанырақ болуы да мүмкін», – деді сарапшы Ерболат Қоянбаев.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, Қазақстандағы алғашқы атом электр стансасы Алматы облысының Жамбыл ауданында салынады. Бұған қоса, басқа да аймақтарда АЭС салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ Ресей тарапы Қазақстанға жеңілдетілген шартпен экспорттық қаржыландыру ұсынбақ. Бұл қаржы ұзақ мерзімде дайындалатын жабдықтар мен құрылыс жұмыстарына жұмсалады. 

Мәди Бижан, Данияр Омар, Астана

Оқи отырыңыз: Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс: сарапшылар пікірі қандай