Әр бала дүниеге келгеннен бастап медициналық бақылау жүйесімен қамтылған
Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды басымдықтарының бірі – өскелең ұрпақтың салауатты, қауіпсіз және жан-жақты дамуы үшін жағдай жасау, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, әр бала дүниеге келгеннен бастап медициналық бақылау жүйесімен қамтылған. Жыл сайын 0-ден 6 жасқа дейін 2 млн-нан астам бала скринингтен, 4,5 млн-нан астам бала профилактикалық тексеруден, 1,5 млн-нан астам бала міндетті иммундаудан өтеді. Бұл қызметтердің барлығы Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС жүйесі шеңберінде ұсынылады.
Медициналық қолдау шаралары мектеп оқушыларын да қамтиды. Елімізде 6,5 мың медициналық пункт жұмыс істейді, ал әрбір мектеп емханаға бекітілген. Көмек көпдеңгейлі тәсілге сәйкес көрсетіледі: патронаждық сапарлардан бастап ерте араласуға дейін және «диагнозға дейін – мүгедектікке дейін» моделі бойынша жұмыс істейтін мамандандырылған орталықтар бар. 2025 жылдан бастап мұндай орталықтар емханаларда жұмыс істей бастады.
«Жаңа туған нәрестелерге ерекше назар аударылады. Қазақстан Орталық Азияда неонаталдық көмек стандартын енгізген бірінші ел болды, онда реанимацияда бір сәбиге бір медбике келеді. Сондай-ақ 1 мыңнан астам мамандарды қамтитын неонатологтардың онлайн-қауымдастығы құрылды.
Қазақстандық дәрігерлер салмағы 500 грамнан асатын жаңа туған нәрестелерді емдейді. Төсек қорының 20%-ға ұлғаюының нәтижесінде жыл сайын туа біткен патологиясы бар жаңа туған нәрестелерге 1,5 мыңға дейін ота жасалады. Отадан кейінгі өмір сүру деңгейі 93%-ға жетті», - делінегн Үкімет хабарламасында.
Балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту мақсатында тиімді перинаталдық технологиялар, бала жасындағы ауруларды біріктіріп басқару тәсілдері және ерте шақтағы балаларды патронаждық қадағалаудың әмбебап-прогрессивті моделі халықаралық ұсынымдарға сай енгізілуде.
Ана мен бала денсаулығы саласына бағытталған жүйелі стратегия мен елеулі инвестициялардың нәтижесінде елде бала өлімінің көрсеткіштері тарихи тұрғыдан ең төмен деңгейге түсті: неонаталдық өлім – мың тірі туғанға шаққанда 3,37, нәресте өлімі – 6,80, балалар өлімі – 9,30.
Сонымен қатар онкогематология белсенді дамып келеді. Емдеу халықаралық хаттамаларға сәйкес жүргізіледі және құрамында полихимиотерапия, сәулелік терапия, хирургия мен гемопоэздік дің жасушаларын трансплантаттау бар. Бұл – аллогенді, аутологты және гаплоидентикалық әдістерді қамтиды. 2013 жылдан бері 515 трансплантаттау жүргізілді, оның ішінде 28-і халықаралық донорлар тіркелімінен (Ресей, Германия, Польша) алынған туыстық емес донорлармен жүзеге асырылды.
Инновациялық тәсілдердің – интраартериялық химиотерапия, «өсетін» эндопротездердің 3D-моделдеу технологиясы және таргеттік иммунотерапияның нәтижесінде балалардағы онкологиялық аурулар бойынша жалпы өміршеңдік 70%-дан асты.
Оңалтуға қолжетімділікте кеңейіп келеді. Биыл 1–3-дәрежелі есту қабілеті бұзылған балаларды есту аппараттарымен және сөйлеу процессорларын ауыстырумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа заңнамалық нормалар қабылданды. Еліміздегі жетекші клиникалардың базасында балалар денсаулығын сақтау бойынша тәсілдер үнемі жетілдіріліп, жаңа технологиялар мен диагностикалау және емдеудің заманауи әдістері енгізіліп жатыр.
Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік, білім беру және қолжетімді көмек: Қазақстанда балаларды қолдау қалай жүзеге асып жатыр