Қауіпсіздік, білім беру және қолжетімді көмек: Қазақстанда балаларды қолдау қалай жүзеге асып жатыр

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Балаларды қорғау күні бізге баланың құқықтарын қорғаудың және оның қалыпты дамуы үшін жағдай жасаудың маңыздылығын еске салады, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың мемлекет үшін стратегиялық маңызды басымдыққа ие екенін бірнеше рет атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет жауапты министрліктер арқылы кәмелетке толмағандардың жағдайын жақсартуға және оларды қолдау мен қорғаудың тұрақты жүйесін қалыптастыруға бағытталған шаралар кешенін іске асыруда. Қойылған міндеттер шеңберінде білім беру, денсаулық сақтау, кәмелетке толмағандарды әлеуметтік қолдау және құқықтық қорғау саласында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Балалар құқығын қорғауды күшейту

Бүгінде елімізде 6,9 млн бала тұрады, оның 3,9 млн-ы мектептерде, 556 мыңы колледждерде, 1 млн-нан астамы мектепке дейінгі ұйымдарда оқиды. Білім беру саласында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектептердегі қауіпсіздіктен бастап балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған кәсіптік бағдарлауға дейінгі ауқымды заңнамалық және стратегиялық шаралар іске асырылуда.

2024 жылы бала құқықтарын қорғаудың құқықтық жүйесін нығайту бөлігінде елеулі өзгерістер болды. Құқықтық базаны едәуір күшейтіп, Балаларды қорғаудың пәрменді тетіктерін енгізуге ықпал еткен үш негізгі заң қабылданды.

Атап айтқанда, бұл Білім беру және тәлімгерлік мәселелері жөніндегі ҚР Заңы. Оның нәтижесінде елде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қоғамға бейімдеу үшін тәлімгерлік институты құрылды.

Сондай-ақ әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ҚР Заңы қабылданды. Құжатта кәмелетке толмағандарды қорлағаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді, баланы көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды, балаларға қарсы құқық бұзушылықтар үшін жаза күшейтілді және балаларға қатысты құқықбұзушылықтар үшін нормалар қатаңдатылды.

Кәсіби асырап алушы отбасыларды құру және жетім балалар үшін жағдайды жақсарту жөніндегі нормаларды көздейтін мемлекеттік наградалар, білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ҚР Заңы қабылданды.

"Маңызды жетістіктердің қатарына – отбасыларға орналастырылған балалар санының өсуін айтуға болады. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде жетім балалардың 82%-ы қазақстандық отбасыларда тәрбиеленуде. 2024 жылы 3 мыңнан астам бала жаңа жанұя тауып, 330 адам тәлімгер болды, ал қамқоршылық органдарының штаты 2,5 есеге ұлғайды. Биыл 1 шілдеден бастап отбасылық құрылымның жаңа нысаны – кәсіби отбасы қабылдау институты енгізілуде", - делінген хабарламада.

Мектептер салу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында елімізде 460 мың оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда 105 мектеп пайдалануға берілді, оның 44%-ы ауылдық жерлерде. Тағы 112 «Жайлы мектеп» 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.

2019 жылдан бастап Қазақстанда 1200 жаңа мектепте 1 млн-нан астам оқушыны орындармен қамтамасыз еткен ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. 2023-2024 жылдары 510 мың оқушыға арналған 422 мектеп пайдалануға берілді.

2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 93,1%-ды құрайды, балабақшаларға кезек 2 есеге азайды.

2025 жылы қамтуды 95%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. Осы мақсатта жаңадан 64 мың орын ашылады.

"Мектеп өмірінің маңызды құрамдас бөлігі қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып саналады. Дабыл түймелері мен турникеттер орнатылды, лицензияланған күзет енгізілді және қауіпсіздік нұсқаулары күшейтілді. 2025 жылдан бастап мектептер мен колледждерде «111» байланыс орталығына жылдам жүгіну үшін QR-кодтар енгізілді. Жыл басынан бері 77 мыңнан астам өтініш түсті", - делінген хабарламада.

Буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Бүкіл ел бойынша буллингке қарсы финдік Kiva және отандық ДОСБОЛLiKe бағдарламалары жұмыс істейді, ДОСБОЛLiKe және «Ата-ана бақылауы» науқандары өткізіледі, «Менің бауырым» жобасы жүзеге асырылуда.

Психологиялық қолдау орталықтарының да рөлі маңызды. 2024 жылы 250 мыңнан астам оқушы мен олардың отбасылары көмек алды. Медиация қызметтері мен балалар омбудсмендері жұмыс істейді, тәлімгерлер психологиялық дайындықтан өтеді.

Әр балаға қолжетімді көмек

2024 жылы 510 мың бала 22,2 млрд теңге сомасына «Жалпыға бірдей оқыту» қоры арқылы көмек алды. Көмектің орташа мөлшері әр балаға 43 407 теңгені құрады. 1,7 млн-нан астам оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілді, оның ішінде жекеменшік мектептердің 1-4 сыныптарының 25 мың оқушысы. Әлеуметтік қолдау аясында кейбір өңірлерде оқушылар үшін тегін жол жүру мүмкіндігі бар.

Инклюзивті білім беруді дамыту бөлігінде алғаш рет ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау стандарты әзірленді. Мемлекеттік деңгейде білім берудің барлық деңгейлерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға жүйелі тәсіл бекітіледі.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 85%-ы қолдаумен қамтылды, мектептердің 90%-ы инклюзивті оқытуға бейімделді. 11 өңірде 18 ерте көмек кабинеті жұмыс істейді, ал 10 мыңнан астам педагог біліктілігін арттырудан өтті.

121 психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеті және 504 мамандандырылған ұйым жұмыс істейді. Отбасы мен баланы қолдаудың ведомствоаралық тетіктерін қамтитын «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы» жеке заң әзірлеуде.

Қосымша біліммен 3,3 млн бала қамтылған – бұл жалпы санның 86,3%-ы. Еліміз бойынша 1 713 ұйым, 380 үйірме және 800 қоғамдық орталық жұмыс істейді, 200 мекеме жаңғыртылды. 2027 жылға дейін тағы 100 мекеме іске қосылады.

Балалардың жазғы бос уақытына байланысты – 2025 жылы 3,2 млн оқушы, оның ішінде мұқтаж отбасылардан шыққан 500 мың бала демалып, денсаулығын сауықтыратын болады. «Жаздық жолдама» жобасының аясында «Қазақстан халқына» қоры есебінен 10 мың бала тегін демалады. Балалардың демалысын жүйелі ұйымдастыруға 120 мың педагог-ұйымдастырушы, 12 мың студент және еріктілер тартылды. Штабтар жұмыс істейді, гайдбуктар, орталықтардың тізімдері мен нұсқаулықтар дайындалды.

2024-2025 оқу жылында қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда 362 медаль жеңіп алды, оның ішінде 41 алтын. Қазақстаннан қатысқан әрбір екінші қатысушы марапатпен оралды. Қазақстандық команда Алматыда өткен, 81 елден қатысушылар келген IBO-2024 халықаралық биология Олимпиадасында 100% медальдық нәтиже көрсетті. IBO-2024 әлемдік академиялық қауымдастықтың жоғары бағасына ие болды.

Ауылда білім алып жүрген жүлдегер оқушылардың саны 10 есеге өсті. Халықаралық олимпиадалардың 26 жүлдегері үшін 77,5 млн теңге және 24 педагог үшін 6,4 млн теңге бөлінді.

Жұмысшы мамандықтар жылы: орта-техникалық білім

Мектеп реформаларымен қатар орта-техникалық білім беруді жаңғырту жалғасуда. Өзгерістердің негізгі бағыты – Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы». Осы бастаманы іске асыру шеңберінде кешенді шаралар қабылданды. Алғаш рет педагога-профориентатор лауазымы енгізілді, жоғары сынып оқушыларына біліктілік беріледі, ал 11-сынып түлектері колледж дипломын ала алады. Қазірдің өзінде 905 оқушы осындай оқуды аяқтады. 2025 жылдың ақпан айында «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өтті. 300-ден астам іс-шара өткізіліп, 250 меморандумға қол қойылды.

30 мыңнан астам оқушы кәсіби диагностикадан өтті.  «Үздік 100 студент» байқауы, JasSkills, JuniorSkills және «Мансап Компасы» науқаны басталды. 173 мың студент колледждерде оқуды аяқтайды, 2024 жылғы түлектердің 81%-ы жұмысқа орналасқан. Жұмыс берушілермен бірлесіп 8 мыңнан астам бағдарлама әзірленді. 4 мыңнан астам кәсіпорын колледждермен ынтымақтастық орнатқан, ал 2,5 млн оқушы кәсіптік бағдарлаумен қамтылды, 8 жаңа жатақхана іске қосылды. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап студенттік стипендиялар 2 есеге ұлғайтылады.

Оқи отырыңыз: Бүгін Алматыда балалар метромен тегін жүреді

Новости партнеров