Қазақстанда барлау бойынша жаңа геологиялық зертхана ашу қажет - сарапшылар пікірі қандай

08.09.2025 15:38

Былтыр елде 163 жаңа өндіріс орны іске қосылды

«Қазақстанда барлау бойынша жаңа геологиялық зертхана ашу қажет». Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына жариялаған жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Президенттің сөзінше, елдегі аэро-геофизикалық зерттеулер әбден ескірген. Сондықтан келесі жылдың ортасына дейін халықаралық стандарттарға сәйкес сертификатталған заманауи зертхана іске қосылуы тиіс. Бұл бастаманы техникалық мамандарды дайындайтын жоғары оқу орындарының ғылым қызметкерлері де қолдап отыр. Олардың айтуынша, жаңа мекеме тек елдің минералдық-шикізат қорын терең зерттеуге ғана емес, студенттердің тәжірибе жинақтап, түрлі салалық серіктестермен жұмыс істеуіне де мүмкіндік береді.

«Бізде геологиялық жер асты қойнауларын барлау мақсатында үлкен жұмыстар жүргізілу міндеті қойылды. Сәтбаев университетімізді жоғарғы мамандарды, оның ішінде техникалық бағыттағы мамандарды даярлауда білім, ғылым, өндіріс және бизнес серіктестермен бірге жұмыс жасауға үлкен мүмкіндік береді», – деді Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ ғылым департаментінің директоры Жанар Оразбекқызы.

Сонымен қатар Жолдауында Мемлекет басшысы еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін берілетінін атап өтті. Президенттің айтуынша, былтыр елде 163 жаңа өндіріс орны іске қосылып, соның нәтижесінде 12,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылған. Бұл бағыттағы бастамаларға отандық жоғары оқу орындары да үлес қосып келеді. Сәтбаев университетінде студенттер машина жасау саласында дуальді білім алып, бір жыл өндірісте тәжірибеден өтеді. Осының арқасында жас мамандардың кәсіби біліктілігі артып, өнеркәсіппен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік туады.

«Университетте соңғы кездері дуалды білім беруге көшіп жатыр. Яғни қазіргі таңда 4 курс студенттерін міндетті түрде мамандық бойынша өндіріске бір жылдық практикаға жібереміз. Зауыттарда бір жыл жұмыс жасап, дипломсыз кәсіби деңгейін және біліктілігін арттырып отырады», – деді қауымдастырылған профессор Жасталап Әбілқайыр.

Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары қажет - Мемлекет басшысы