Елімізде қос азаматтыққа қатысты жаза күшейтілмек

03.09.2025 19:04

Қос азаматтық – ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін мәселе

ІЕнді қос азаматтығы бар адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бүгін мәжілісте депутат Болатбек Нажметдинұлы осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Демалыстан оралған депутаттардың алдына еліміздің бас полицейі Ержан Сәденов келді. Баяндамасы Қазақстан Үкіметі мен Армения билігі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы. Алайда депутат Болатбек Нажметдинұлы қоғамдағы өзекті мәселе қос азаматтыққа тоқталды. Конституцияда тыйым салынса да елімізде екі төлқұжат ұстайтындар көп деп отыр. Олардың жазасы тек айыппұл екен. Ал заң бұзған жағдайда ел аумағынан еш кедергісіз шығып кетеді. Құқық қорғау органдары әкімшілік регламенттерге сай тергеуге ала алмайтын көрінеді. Сондықтан Болатбек Нажметдинұлы қос азаматтығы бар адамдарға қылмыстық жаза тағайындауды құп көреді.

«Екінші азаматтығын әдейі жасырып жүрген адам – Қазақстан азаматы емес. Ол өзін бұл елдің бір бөлшегі ретінде сезінбейді, болашағын Қазақстанмен байланыстырмайды. Тек ыңғайлы сәтті күтіп жүр. Мұндай адам азамат ретінде өз міндеттерін орындамай, тек құқығын пайдаланады. Мен қос азаматтығы бар адамдарға қатысты жауапкершілікті қылмыстық жазаға дейін қатаңдату туралы түзетулерге бастамашы болсам, Ішкі істер министрлігі оны жүзеге асыруға дайын ба?» – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Болатбек Нажметдинұлы.

Қос азаматтық – ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін мәселе. Сондықтан Ержан Сәденов депутаттың ұсынысын талқылауға дайын екенін жеткізді. Өйткені жыл басынан бері елімізде екі төлқұжаты бар 682 адам анықталған. Олар азаматтығынан айырылып, Қазақстанға кіруге 5 жылға шектеу қойылған. Құқық бұзғандардың көбі Ресей, АҚШ, Түркия, Германиядан келгендер. Бұл тізімде Арменияның бір азаматы да болған.

«Қос азаматтықты қашан анықтайды? Ол мынау шекарадан өткен кезде біріншіден және шетелдік әріптестермен ақпарат алмасу барысында анықталады. Жылдың басынан Армения азаматтығы және Қазақстанның азаматы. Осындай факті анықталды. Азаматтығынан айырылды», – деді  ҚР Ішкі Істер министрі Ержан Сәденов.

Осы тұста депутат Вера Ким Армения азаматтарының Қазақстанға көптеп келіп жатқанына назар аударды. Оның сөзінше, 2023 жылы 19 мыңнан астам армян шекарадан өтсе, биыл 8 айда 12 мыңға тарта азамат қазақ даласына келіпті. Халық қалаулысы жауапты министрлік өкілінен олардың қанша пайызы еңбек етуге келгенін және ресми түрде жұмысқа орналасқандардың үлесін сұрады.

«Қазір Қазақстанда 2 мың 134 Армения азаматы жұмыс істеп жүр. Бұл – елдегі барлық еңбек мигранттарының 1,1 пайызы ғана. Сондықтан Армениядан келетін еңбек мигранттарының саны артып жатыр деуге болмас. Мәселен, былтыр шамамен 2 мың 623 адам жұмыс істеді. Олар біздің елге жоғары жалақы табу үшін, бизнес ашуға, сондай-ақ кәсіби біліктілігін арттыруға келеді. Алайда жалпы көші-қон ағыны көп емес», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев.

Бұдан былай Қазақстан мен Армения азаматтары екі ел арасында визасыз жүре алады. Дегенмен елде 30 күннен астам уақыт болған жағдайда полицияға барып тіркелуі шарт. Сондай-ақ Армения азаматтары Қазақстанға сәйкестендіру картасымен кіре алады. Ал қазақстандықтар ол елге жеке куәлікпен бара алады. Төменгі палата тиісті құжаттарды Сенатқа жолдады.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: 2024 жылғы Жолдау: Президенттің ауыл шаруашылығы саласы бойынша тапсырмаларын жүзеге асыр