Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылды

Шетелдік студенттер үшін Қазақ тілі мен Қазақстан тарихы міндетті пән ретінде оқытылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қазақстанда 31 мыңнан астам шетел студенті оқиды. 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға дейін жеткізу керек». «Қазақстан – академиялық білім аймағы» халықаралық стратегиялық серіктестер форумында Мемлекет басшысы осылай деді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жиында үздік шетелдік университеттердің жетекшілері, халықаралық рейтинг және аккредиттеу агенттіктерінің өкілдері бас қосты. Өз сөзінде Президент Қазақстанның білім-ғылым жүйесін дамытуға айрықша мән беріп отырғанын жеткізді. 2019 жылдан бері салаға бөлінетін қаржы үш есе ұлғайған. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданды. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Мемлекет ғалымдарға, жас зерттеушілерге барынша қолдау көрсетіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жоғары оқу орындарының беделді халықаралық рейтингтердегі көрсеткіші жақсарып келе жатқанын айтты.  

«QS халықаралық рейтинг агенттігінің президенті Нунцио Квакварелли мырза өз баяндамасында бұл мәселеге кеңінен тоқталды. Қазақстан университеттерінің қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Біз ортақ мақсат жолында күш біріктіріп, әріптестігімізді нығайта түсуге мүдделіміз, бірлесіп жұмыс істеуге қашанда дайынбыз. Сондай-ақ еліміздің 5 университеті Times Higher Education басылымы ұсынған әлемдегі үздік оқу орындарының тізіміне қосылды. Бұл да біз үшін зор жетістік», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан жасанды интеллект сарапшылары мен мамандарын даярлау ісіне ерекше мән беріп отыр. Биыл AI Sana бағдарламасы іске қосылып, 540 мыңнан астам студент оқу курсынан өтті. Одан бөлек, ChatGPT негізінде білім беру құралдарын енгізу жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыра бастады. Қазақстан жаһандық білім нарығының бір бөлігіне айналуды көздеп отыр. Әлемнің 40 жетекші университетімен серіктестік орнатылып, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылды. Көбінде оқу ағылшын, орыс, қытай тілдерінде жүргізіледі. Бұған қоса, Қазақ тілі мен Қазақстан тарихы міндетті пән ретінде оқытылады. Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұл шетелдік студенттердің мәдениетіміз бен менталитетімізді терең түсінуіне көмектеседі» деді. Форумнан кейін Мемлекет басшысы елімізде білім алып жатқан шетелдік студенттермен әңгімелесіп, оларға сәттілік тіледі.  

«Мен қазақша үйреніп жүрмін. Әрине, шетелдік студент болу оңай емес. Тіл айырмашылығы, оқу жүйесі, мәдениет, бәрі де сынақ болды. Бірақ мен Қазақстанда оқып жатқаныма қуаныштымын. Мен, менің білім жолым басқа студенттерге де осындай шабыт пен жол ашса деп үміттенемін», - деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Адриан Давус.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы: Білім мен ғылым – әлемді өзгерте алатын ең басты күш

Новости партнеров