Қазақстанда зергерлік бұйым сату талаптары күшейтілді

Alex Chambers / Unsplash
Alex Chambers / Unsplash

Өзгерістер 2025 жылдың 13 наурызынан бастап күшіне енді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тұтынушылар құқықтарын қорғау және зергерлік нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда зергерлік бұйымдарды сатуға қойылатын талаптар күшейтілді. Енді ҚР сынамалау таңбасы жоқ зергерлік бұйымдарды сатқаны үшін жауапкершілік қатаңдатылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.  

Өзгерістер 2025 жылдың 13 наурызынан бастап күшіне енді. 

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 190-1-бабы бойынша, енді зергерлік бұйымдарды заңсыз өткізушілерді әкімшілік жауапқа тарту құзыреті Сауда және интеграция министрлігіне берілді. Соңғы жылдары зергерлік бұйымдарды сатушыларға қатысты алдын алу шаралары тек ескерту сипатында жүргізіліп келген еді.

ҚР «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заңы бойынша, ел аумағында зергерлік бұйымдар арнайы сараптамадан өтіп, сынама таңбасы мен растайтын белгісі болмаса, оларды сатуға рұқсат етілмейді. 

"Енді зергерлік бұйымдарды сату ережелерін бұзғаны үшін 190 мың теңгеден 580 мың теңгеге дейін әкімшілік айыппұл белгіленді, айыппұл кәсіпкерлік субъектілерінің санатына (кіші, орта, ірі) байланысты өзгеріп отырады. Заң бұзушылықтар қайталанса, айыппұл сомасы да ұлғаяды", - делінген хабарламада.

Бұйымның түпнұсқалығын білу үшін сынама таңбасының және атаулы белгінің бар-жоғын тексеру керек, сынама палатасының сараптамалық қорытындысын сұраған жөн. Бұл талаптар болмаған жағдайда Техникалық реттеу және метрология комитетіне және оның аумақтық департаменттеріне хабарласуға болады.

Сауда және интеграция министрлігі бұл шаралар халықты жосықсыз сатушылардан, өндірушілерден қорғауға және Қазақстанның зергерлік нарығын ретке келтіруге бағытталғанын айтуда. 

Оқи отырыңыз: Жауын-шашын: Алматының коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшті

Новости партнеров