Жобаны қабылдау өнеркәсіп секторына инвестиция тартуды арттыруға ықпал етеді
Мәжіліс «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске өзгеріс енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы Мемлекет басшысының Жолдауларында айтылған тапсырмаларды орындауға, оның ішінде жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын енгізуге бағытталған. Бірыңғай платформа жекешелендірілмейді, тек мемлекеттік органдарға қарасты ұйымдардың меншігінде және пайдалануында болады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жобаны қабылдау өнеркәсіп секторына инвестиция тартуды арттыруға ықпал етеді. Қол қою бонустарын төлемеген аукцион жеңімпазына және оның бенефициарына бес жылға дейін пайдалы қатты қазбаларды барлауға лицензия беруден бас тарту қарастырылған.
"Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасы аясында блоктарды екі кезеңді іріктеу алынып тасталып, өтініштер бірыңғай платформа арқылы беріледі. Елдімекендердің, ұлттық парктердің, қорықтардың, су қорларының, қорғаныс жерлерінің, ұлттық компанияларға резервтелген және аукцион арқылы берілетін аумақтарын қоспағанда, инвесторға жер участкесін беру бірінші өтінім қағидасымен іске асады", - ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ведомстволық қарасты ұйымға геологиялық ақпаратты өңдеу және оған қол жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттіктер беру ұсынылады.
Бұдан бөлек, заң жобасында қатты пайдалы қазбаларды барлауға арналған жаңадан босатылған блокқа лицензия алуға өтінімдерді қарау, барлау кезеңінде пайдалы қазбаларды өндіру, өнеркәсіптік деңгейдегі қатты пайдалы қазбалар қорлары бар аумақтар үшін аукциондар өткізу тәртібі және индустриялық-инновациялық жобалар үшін жер қойнауын пайдалану құқығын беру тәртіптері белгіленеді.
Оқи отырыңыз: Біз түгілі, Американың өзі ЛГБТ сияқты теріс бағыттарды қоғамға жат деп таныды – депутат