Қазақстандық дәрігерлердің трансплантациядағы тәжірибесі Бейжіңде таныстырылды

22.08.2025 15:43

Ота нәтижесінде екі науқас қасаң қабық трансплантациясынан кейін көру қабілетін қайта қалпына келтірді

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы

Алматы қаласы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының офтальмология бөлімінің меңгерушісі Гулзат Абдраимова Бейжіңде қасаң қабық трансплантациясы жөнінде баяндама жасап, осы саладағы қазақстандық мамандардың тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Айта кетейік, дәл осы Алматы қаласы орталық қалалық клиникалық ауруханасында алғаш рет донорлық тіндер мен ағзаларды алу бойынша сәтті оталар жасалған болатын. Соның ішінде ауыр инсульттан қайтыс болған науқастың екі көз алмасы алынған еді. Бірегей ота марқұмның тірі кезінде қабылдаған шешімінің және оның туыстарының келісімінің арқасында мүмкін болды.

Жүргізілген араласулардың нәтижесінде ауыр офтальмологиялық аурулары бар екі науқас қасаң қабық трансплантациясынан кейін көру қабілетін қайта қалпына келтірді.

Трансплантологияны дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Трансплантацияны және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы» РМКК директоры Айдар Ситказинов министр Ақмарал Алназарованың атынан Алматы қаласы орталық қалалық клиникалық ауруханасының анестезиология және реанимация бөлімінің меңгерушісі Галымжан Прмагамбетовке және офтальмолог Гулзат Абдраимоваға Құрмет грамоталарын табыстады.

Айдар Ситказинов Алматы қаласы орталық қалалық клиникалық ауруханасының ұжымының және оның директоры Серікжан Сабыралиевтің еңбегін ерекше атап өтіп, мұндай жетістіктер Қазақстандағы донорлық пен трансплантологияны дамытуға, сондай-ақ қоғамда өлімнен кейінгі донорлық мәдениетін қалыптастыруға зор ықпал ететінін баса айтты.

Оқи отырыңыз: Алматыда көлік саласындағы стратегиялық жобалар талқыланды