Қазақстанға биыл 7 миллионнан астам шетелдік келген

22.07.2025 15:20

Шетелдіктердің 90 пайызы ТМД елдерінен келген

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанға 7 жарым миллионнан астам шетелдік келген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 600 мың адамға көп. Мәліметті бүгінгі өткен Үкімет отырысында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, шетелдіктердің 90 пайызы ТМД елдерінен келген. Атап айтқанда, елімізге Өзбекстан, Қырғызстан мен Ресейден бағыт алатындар көп. Сонымен қатар Әленов өзге ел азаматтарын тіркеу ережелерін бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын да айтты.

«Көші-қон бақылауында тиімділігін арттыру шеңберінде министрлік басым бағыттарын анықтап тиісті шаралар қабылдануда. Бірінші, бақылаудың цифрлық құрылысын енгізу. Жасанды интеллект арқылы шетелдіктердің елде болуын бақылау жобасын бастадық. Оны жылдың соңына дейін аяқтаймыз. Сонымен қатар шетелдіктерді тіркеудің тәртібін бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесі қарастырылуда. Үшіншіден, ішкі көші-қонды бақылаймыз», – деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов.

Қазақстанға 87 елдің азаматы визасыз келе алады, бұл шетелдіктер үшін жол жүруді едәуір жеңілдетті. Ал 107 елдің азаматы үшін электронды виза алу мүмкіндігі қарастырылған. Жуырда 9 мыңнан астам электронды виза беріліп, бюджетке 270 миллион теңге түсіпті. Алайда көші-қон ережелерін бұзу деректері де азаймаған. Премьер-министрдің айтуынша, мамыр айында жүргізілген жедел алдын алу шаралар барысында 7 мыңнан астам заң бұзушылық анықталған. Осыған байланысты Үкімет басшысы көші-қон талаптарын бұзғандарға қолданылатын әкімшілік шараларды күшейтуді тапсырды.

«Мигранттардың қозғалысын жүйеге келтіріп, толыққанда мониторинг жүргізу үшін шекарадан өткен кезде берілетін көшіп-қонушының ID-картасын енгізу жұмысын жеделдеткен жөн. Еңбек және цифрлық даму министрліктері осы жылдың бірінші қарашасына дейін барлық дерекқорларды толығымен интеграциялай отырып, көші-қон процестерін есепке алудың біріңғай цифрлық платформасын енгізуді қамтамасыз етуі тиіс», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Оқи отырыңыз: Көші-қон саясаты: Олжас Бектенов министрлерге бірнеше міндет жүктеді