Қазақстанның сыртқы саясатына әлем сенім білдіреді: 35 жылдағы дипломатиялық жетістіктер

25.10.2025 14:41

Сарапшылар соңғы 5 жылда Қазақстандық паспорттың индексі қарқынды көтерілгенін айтады

Қазақстанның жүргізіп отырған сыртқы саясатына халықаралық қауымдастық сенім білдіреді. Сарапшылардың пікірінше, бұл – еліміздің қысқамерзімді саяси ұпайлар жинаудан гөрі, ұзақмерзімді стратегиялық және дипломатиялық мақсаттарға басымдық беруінің нәтижесі. Егемендік декларациясы қабылданған 35 жылдың ішінде Қазақстан халықаралық аренада тең дәрежелі серіктеске айналып, жаһандық саясат пен дипломатияда өз рөлін күшейтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

1990 жылғы декларацияда Қазақстан әлемдік аренада өз бетінше шешім қабылдай алатын дербес ел ретінде құқықтарын жариялаған еді. Соның негізінде тәуелсіздік алғаннан кейін елімізді халықаралық қауымдастық толыққанды мемлекет ретінде мойындады. Қазақстан 1992 жылы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі болды. Осы сәттен бастап еліміздің тәуелсіз дипломатиясы жаңа дәуірге қадам басты. 35 жыл ішінде Қазақстан халықаралық қатынастарда қалыптасқан қағидаттарды берік ұстанып, әлемдік қауымдастықтың сеніміне ие болды. Нәтижесінде еліміздің көптеген бастамалары жаһандық деңгейде қолдау тапты.

«Мысалы, бұл бастамалар Арал мәселесіне де, ядролық қарусыздандыруға да қатысты болды. Тіпті ядролық отын банкін Қазақстан аумағында құру туралы шешім қабылданған кезде де қолдау көрсетілді. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия бойынша орнықты даму жөніндегі офисі алғаш рет Алматыда ашылды. Ал қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол кезеңде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының орынбасары болып тағайындалған ТМД елдерінің алғашқы өкілі болды. Осындай бастамаларға халықаралық қауымдастықтың қолдау көрсетуі – Қазақстанның сыртқы саясатына деген сенімнің айғағы», – деді халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Риззат Тасым.

Қазақстан ядролық қарудан азат әлем құру жөніндегі бастамалары арқылы халықаралық аренадағы дипломатиялық миссиясын табысты жүзеге асырды. Нәтижесінде Орталық Азия өз аймағын ядролық қарудан азат деп жариялады. Одан бөлек, Біріккен Ұлттар ұйымының 47-ші сессиясының мінберінде еліміз «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі» атты бастама жариялаған еді. Қазір кеңес халықаралық ұйым дәрежесіне жетті. Биыл Бас Ассамблея отырысында Президент бірлестікті реформалауға қатысты ұсыныстарын айтты.

«Біріншіден, орта держава ретінде танылу – бір мәселе, ал сол деңгейге сай саясат жүргізіп, өзіңнің мықты ел екеніңді дәлелдеу – мүлде басқа мәселе. Сондықтан да Президент бірнеше жыл бойы айтып келеді: біз көпвекторлы саясатымызды прагматикалық бағытта кеңейтуіміз қажет, дегендей. Яғни, осыған басымдық беру керек. Қазіргі таңда Қазақстанның сыртқы саясат тұжырымдамасы бар, және Президент оны бірнеше мәрте өзектендіру қажеттігін атап өткен болатын. Алдағы уақытта жаңа сыртқы саяси тұжырымдама қабылдануы мүмкін», – деді халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Риззат Тасым.

Шетелдік сарапшылар Қазақстанды сыртқы саясат пен халықаралық қатынастар саласында Еуразиядағы ықпалды мемлекеттердің бірі деп бағалайды. Олар әлемде геосаяси жағдай шатқаяқтап тұрған тұста елімізді «тұрақтылық аралы» деп санайды. Өйткені, Қазақстан дүниенің түкпір-түкпіріндегі түйткіл мен шиеленістерді шешуге белсенді түрде атсалып, төрін ұсынып келеді. Одан бөлек, 2018 жылы Орталық Азия елдері басшыларының бірінші кездесуі де ел астанасында өткен еді. 

«Өңіріміздегі көптеген мәселе басшылардың жүйелі түрде бас қосып, маңызды құжаттар қабылдауының арқасында шешімін тауып келеді. Айта кетейік, ЭКСПО көрмесі де Орталық Азия елдері ішінде алғаш рет Қазақстанда өтті. Сондықтан мен Қазақстанды сыртқы саясаты мен халықаралық қатынастары тұрғысынан Еуразиядағы жетекші мемлекеттердің бірі деп есептеймін», – деді халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Риззат Тасым.

Қазақстан халықаралық деңгейдегі маңызды форумдарды өткізу тәжірибесін үздіксіз жетілдіріп келеді. Жиынды ұйымдастыру бір мәселе, ал оған халықаралық қауымдастықты тарту ең күрделі мәселе, - дейді сарапшылар.

Өйткені, мемлекеттің жаһандық саясаттағы беделі төмен болса, онда дүниежүзілік қауымдастық форумдарға назар аудармайды екен.

«Бұл – ең алдымен біздің дипломатиямызға деген сенімнің көрсеткіші. Өйткені Қазақстанның ешқандай тарапқа бұрылып кетпейтінін барлығы жақсы түсінеді. Егер біз келіссөздер өткізуге дайынбыз десек, онда барлық жағдайды жасап береміз. Ең бастысы – серіктестерімізге біздің сенімді әрі тұрақты әріптес екенімізді дәлелдеу», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.

Қазақстан бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше барлық мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Және шиеленісті құп көрмейді. 60-тан астам елде тұрақты елшілігі мен консулдық қызметі бар. 90-ға жуық елмен визасыз режим орнатқан. Сарапшылар соңғы 5 жылда Қазақстандық паспорттың индексі қарқынды көтерілгенін айтады. Бұл - еліміздің сыртқы саясаттағы ықпалының күшейіп келе жатқанының белгісі.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Егемен елдің спорты: Қазақстан 35 жыл ішінде қандай биік белестерді бағындырды