Қазақы тазы әлемдік деңгейде мойындалды: Алматыда ерекше көрме өтті

25.10.2025 19:54

Бұл іс-шараға тұрпаты бөлек, тұқымы ерек 200-ден астам ит қатысты

Алматыда Республика күніне орай «Қазақы тазы - 2025» атты моно тұқымды иттер көрмесі өтті. Бұл іс-шараға тұрпаты бөлек, тұқымы ерек 200-ден астам ит қатысты. Солардың ішінде 70-ке жуық қазақтың асыл тұқымды құмай тазысы көрерменнің көзайымына айналды. Қазақстан кинологтар одағының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған бұл іс-шара ит баптау мәдениетін дәріптеп, ұлттық тұқымды сақтауды көздейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ит - жеті қазынаның бірі. Оның ішінде ептілік пен жылдамдылық жағынан құмай тазыға жетері жоқ. Бүгін оңтүстік астанада шашақ құлақты жануарларға арналған көрме өтіп жатыр. Оған әр өңірден 70-ке жуық тазы жиналған. Алматыда өтіп жатқан бұл іс-шара республика күніне арнайы ұйымдастырылып отыр.

Мерекелік іс-шараның шымылдығы Қазақстан кинологтар одағы президентінің жүрекжарды құттықтау сөзімен басталды. Артынша мың бұралған бишілердің әсем қимылы көрермен көңілін тербеп, көпшілік көптен күткен көрме басталды. Мұнда бітімі ерек, жанары өткір тазылар арнайы алаңда кезек-кезек жүріп өтіп, айрықша қасиеттерін көрсетті.

«Тазы өсірумен айналысып жүргеніме 10 жыл болды. Осыдан 10 жыл бұрын бір танысым маған тазы сыйлаған еді. Содан бастап бұл салаға қызығушылығым артты. Зерттеу жүргізіп, содан бері кәсіби түрде селекциямен айналысып келеміз. Бүгінгі көрмеге өзімнің үш тазымды алып келдім. Солардың бірі былтыр чемпион атанған», – дейді көрмеге қатысушы Бауыржан Әбитов.

«Қазақы тазы» көрмесінде қазылар алқасы әрбір иттің жүріс-тұрысына, тұлғалық бітіміне, тіпті жүнінің күтіміне дейін бағалады. Әсіресе тазыларға қойылған талаптың деңгейі биік болды, себебі бұл іс-шараның басты мақсаты - Қазақстан кинологтар одағының тұқымдық кітабына енген 3500-ден астам тазының санын арттырып, ұлттық асыл тұқымды одан әрі көбейту.

«Тазы да ұлттық құндылығымызға жатады. Сондықтан осындай ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу өте орынды деп есептеймін. Тазы көрмелері мен жарыстарын ұйымдастыру арқылы тек оның тұқымын ғана емес, ұлттық дәстүріміз бен мәдениетімізді де сақтап, келер ұрпаққа жеткіземіз», – деді Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали.

Айта кету керек, былтыр 3 қыркүйекте Амстердамда өткен Халықаралық кинологиялық федерация Бас комитетінің отырысында тазы тұқымы мойындалып, Қазақстан оның ресми стандартын ұстаушы ел ретінде танылды. Бұл оқиға ұлттық мұрамыздың әлемдік деңгейде дәріптелуіне жол ашты.

Мәди Мәлік, Ялкунжан Әшімжанұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Онкологиядағы озық технологиялар ТМД-да алғаш рет Алматыда енгізілді