«Келешек мектептері» білім берудің озық тәжірибелерін сынақтан өткізетін орталыққа айналмақ

26.08.2026 15:08

Президент өскелең ұрпаққа ілгерілеуге, прогреске бағытталған пәндерді оқыту қажет

ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз кеңесінде білім сапасы төмен облыстарға нақты көмек көрсетіп, білім жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған шешімдер ұсыну қажет екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Бұдан бөлек, Президент Әкімшілігіне Үкіметпен бірлесіп, төмен нәтиже көрсеткен облыстарға нақты көмек көрсетуді, мысалы, арнайы талдау жүргізуді тапсырамын.

Ал Үкімет білім жүйесінің тиімділігін арттыра түсетін жан-жақты зерттелген шешімдер ұсынуға тиіс. Бұл мәселеде жетістікке ие болған мектептер мен даму институттарының мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланған жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Президент құзырлы министрлік орта білімнің мазмұнын заман талабына сай жаңғыртуы қажет екенін атап өтті.

«Құзырлы министрлік орта білімнің мазмұнын заман талабына сай жаңғыртуы қажет. Мысалы, тарихи аңыздар мен шындыққа сай келмейтін оқиғалардың орнына өскелең ұрпаққа ілгерілеуге, прогреске бағытталған пәндерді оқыту қажет. Ал тиісті бағдарламаларды даярлау, бұл – министрліктің жедел мақсаты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы «Келешек мектептерінің» инновациялық шешімдерді енгізу және ұлттық білім беру үлгісін қалыптастыру ісіндегі рөліне тоқталды.

««Келешек мектептері» инновациялық шешімдерді енгізу және ұлттық білім беру үлгісін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқаруы керек. Осы орайда Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына зор жауапкершілік жүктеледі.

Алдағы үш жыл ішінде «Келешек мектептері» білім берудің озық тәжірибелерін сынақтан өткізетін орталыққа айналуға тиіс», – деді Президент.

Оқи отырыңыз: Аймақтар арасындағы білім сапасына қатысты алшақтықты жою қажет - Президент

Толық көрсету