Келешек мектептері: үш жылда ұлттық жоба аясында 217 білім ошағы бой көтерді

20.08.2026 14:46

Заманауи оқу ордаларында 460 мың оқушы оқиды

Елімізде үш жылда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 білім ошағы бой көтерген. Заманауи оқу ордаларында 460 мың оқушы оқиды. Үкіметтің дерегінше, 2024 жылы 105, ал былтыр 112 нысан пайдалануға берілген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олардың 84-і ауылды жерлерде салынған. Соның арқасында 130 мыңнан астам бала жаңа үлгідегі сыныптарда білім алып жүр. Оқу ордаларының едәуір бөлігі Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Түркістан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында ашылған.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша сапалы білім беру, оқушы орындарының тапшылығын, үш ауысымды оқыту мен апатты мектептерді жою арқылы тең жағдай жасауға бағытталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде 52 үш ауысымды және 12 апатты мектеп мәселесі толығымен шешілді. Сондай-ақ 100-ден астам мектепте оқушы орындарының тапшылығы қысқарды», – деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі стратегиялық талдау және даму департаментінің директоры Әуесхан Оспанов.¤

«Келешек мектептерінің» ауданы бұған дейін бой көтерген білім нысандарымен салыстырғанда 15-20 пайыз үлкен, ал техникалық жабдықталу деңгейі 4 еседей жоғары. Мұнда физика, химия, биология зертханаларынан бөлек, робототехника кабинеттері, заманауи шеберханалар мен шығармашылық студиялар бар. Оқушылардың қауіпсіздігіне де басымдық берілген. Білім ордаларында бейнебақылау жүйелері орнатылып, вандализмге төзімді есіктер қойылған. Сондай-ақ Face ID технологиясы арқылы мектепке кіруді бақылау жүйесі енгізілген.

«Кедергісіз және инклюзивті ортаны қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Мектептерде пандустар, лифтілер, бейімделген санитариялық бөлмелер, пихологиялық-педагогикалық қолдау кабинеттері және ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін білім беру процессін қолжетімділігін қамтамасыз ететін басқа да жағдайлар қарастырылған», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі департаментінің директоры Айқожа Әбсадықов.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамту қарқыны бірнеше есеге артты

Толық көрсету