Келешек мектептері: Алматыда екі оқу ордасы халық игілігіне берілді

29.08.2025 16:35

Жаңа мектептерде спорт зал, акт залы, хореография бөлмесі, шеберхана, асхана және робототехника мен STEM бағытындағы сыныптар бар

Алматыда жаңа екі мектеп халық игілігіне берілді. Алмалы және Алатау аудандарында бой көтерген оқу ордалары «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған, деп хабарайды Almaty.tv.

Бірі 2 мың, екіншісі 1500 балаға шақталған білім мекемелері жаңа оқу жылында алғашқы шәкірттерін қабылдайды. Алмалы ауданындағы жаңа мектепке бүгінде 500-ге жуық оқушы қабылданыпты. Ата-аналардың дені балаларын екі ауысымдық білім мекемесінен дәл осы заманауи жабдықтармен қамтылған оқу ордасына беруге өтініш білдірген.

«Мектепұнап жатыр. Кабинеттердің бәрі заманауи технологиямен жабдықталған. Сенсорный тақта бар. Баламыздың қабілетін жан-жақтан ашып және де тұлға ретінде қалыптастырып тәрбиеледі. Дабыл батырмалары да орналасқан. Өзіміз осы маңайда тұрамыз, өте қуаныштымыз!», – деді  қала тұрғыны Үнзира Қалиева.

Жаңа мектептерде спорт зал, акт залы, хореография бөлмесі, шеберхана, асхана және робототехника мен STEM бағытындағы сыныптар бар. Ауласында хоккей корты, футбол, волейбол және баскетбол алаңдары қарастырылған. Жаңа нысанда қауіпсіздікке де баса мән берілген екен. Мәселен, бастауыш пен жоғары сынып оқушылары жеке-жеке есіктерден кіріп шығады. Сонымен қатар, мектептің іші мен сыртында бейнебақылау камералары орнатылған.

«Бұрынғы мектептерден ерекшелігі – цифрлық құзіреттілік. Мысалы, STEM және өзге кабинеттер әлемдік деңгейде жабдықталған. Әрине, кабинеттермен жұмыс жасайтын мұғалімдердің білім сапасы маңызды. Апта сайын мұғалімдердің барлығы оқытылып жатыр», – деді  № 216 жалпы білім беретін мектептің директоры Гүлназ Тұңғышбаева.

Алматыда «Келешек мектептері» жобасы аясында 21 білім ордасының құрылысы жүріп жатыр. Оның 13-ін «Самұрық-Қазына Construction» акционерлік қоғамы салса, 8 білім ордасын жеке инвесторлардың есебінен тұрғызылады.

Диана Тұрлыбек, Ханкелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Келешек мектептері: Алматыда жаңа оқу жылы қарсаңында білім ошағы ашылды