Әкемнің өмірі мен тәрбиесі мені әскери офицер болуға жетеледі - Бақытжан Жатақбаев

09.05.2025 15:15

Жетісу өңірінен шыққан Жатақбаевтар әулетінің үш ұрпағы да елге қызмет етуді өмірлік ұстаным еткен

Батырлық қанмен келеді, ерлік - ұрпақпен жалғасады. Жетісу өңірінен шыққан Жатақбаевтар отбасы - осы сөздің нақты көрінісі. Себебі әулеттің үш ұрпағы да елге қызмет етуді өмірлік ұстаным еткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлы Отан соғысының отты жылдарында басталған жауынгерлік жол кейін Ауғанстан майданында жалғасып, бүгінде Тәуелсіз Қазақстан армиясында өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Әр буын - ел қорғаудағы жауапкершілік пен адалдықтың символына айналған. Ерлік пен өрліктің жарқын үлгісі болған осы отбасының жауынгерлік тарихын әріптесіміз Мәди Мәлік баяндайды.

Әулеттің әскери шежіресі Ұлы Отан соғысының қаһарманы Баймұхамет Жатақбаевтан бастау алады. Ол 1913 жылы Жетісу өңірінде дүниеге келіп, 22 жасында әскер қатарына алынған. 1939 жылы Фин соғысына қатысып, Маннергейм шебін бұзуда көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Ал Ұлы Отан соғыс жылдары артиллерия батареясының командирі ретінде Сухиничи түбінде 20 күн бойы ашық позицияда жаумен шайқасқан. Осы ерлігі үшін «Қызыл Ту», «Отан соғысы» ордендеріне ие болған. Соғыстан кейін бейбіт өмірге араласып, ел игілігіне еңбек етті. 1979 жылы Аягөзде дүниеден өткен Баймұхамет батырдың ерлігі – ұрпағы үшін мәңгілік мақтаныш.

«Мен әкемнің әскери форма кигенін көрмедім, тек бір аяғынан айырылып, балдақпен жүрген кезі есімде. Майор шеніндегі запастағы офицер екен. Оның ерлігі мен өмір жолын кейін, есейгенде ғана толық түсіндім. Бар-жоғы төрт сыныптық білімі бар қарапайым қазақ 1935 жылы әскерге алынып, жеті жыл ішінде майор шеніне дейін көтерілген. 1940 жылы Калининнің қолынан «Қызыл Жұлдыз» орденін алған тұңғыш қазақ болған. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш», – деді Б. Жатақбаевтың ұлы Бақытжан Жатақбаев.

Әке жолын жалғаған Бақытжан Жатақбаев та әскери салада айрықша ерлігімен танылған. Ол әйгілі «Қара майор» Борис Керімбаев басқарған №177 арнайы мұсылман отрядында қызмет етті. Ауғанстанның Панджшер шатқалындағы сұрапыл ұрыстарда жауапты тапсырмаларды орындап, талай ерлік істерге куә болды. Батылдығы мен жанқиярлығы үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды. Қазіргі таңда бейбіт еңбекке араласқан, елге сыйлы, абыройлы ардагер.

«Әкемнің өмірі мен тәрбиесі мені әскери офицер болуға жетеледі. 1974 жылы Алматыдағы жоғары әскери командалық училищеге оқуға түстім. Оқуымды аяқтаған соң Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияда қызмет еттім. Араға жыл салып, бізді Қапшағайға жинап, сол жерден майор Борис Төкенұлы Керімбаев басқарған әйгілі екінші мұсылман батальонына қосылдым. Ауғанстанда екі жыл қызмет еттім. Біздің батальон туралы жылы пікір көп айтылатын. Өз кезегінде мен де командирімнің сеніміне ие болып, сүйікті жауынгерлерінің біріне айналдым», – деді Бақытжан Жатақбаев.

Әулеттің әскери дәстүрін Баймұхамет Жатақбаевтың бауырының баласы Әсет Серікұлы жалғастырды. Ол бүгінде Қазақстан Қарулы күштері қатарында қызмет етіп жүр. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының көлік ротасының старшинасы. Негізгі міндеті – техника мен көлік құралдарының сапта тұруын, жұмысқа дайын болуын қамтамасыз ету.

«Атам – Фин соғысының, Ұлы Отан Соғысының ардагері. Ағам – Ауған соғысының ардагері. Мен үшін бұл – абырой. Бұйырса, 27 жыл әскерде жүрмін», – деді С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтыавтомобиль ротасының старшинасы Әсет Жатақбаев.

Жатақбаевтар әулеті – елге адал қызмет етудің, жауынгерлік рух пен отансүйгіштіктің жарқын үлгісі. Бір әулеттің үш буынының тағдыры – ел тарихындағы ерлік шежіресінің бір парағы. Өнегелі өмір жолы - жас буынға бағдар, бүкіл елге мақтаныш.

Мәди Мәлік. Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Семейде ардагерлерді Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады