Хакатон: Алматыда халықаралық дода басталды

21.11.2025 16:01

Биыл 10-ға жуық жоғары оқу орнынан 26 команда қатысып, 24 сағат ішінде өздерінің тың бағдарламалық жобаларын әзірлемек

Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жас бағдарламашыларды тоғыстырған халықаралық хакатон додасы басталды. Биылғы бәйге жасанды интеллект пен жұмысшы мамандықтар тақырыбына арналған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шара Түркия Республикасының Нийде Өмер Халисдемир университеті мен отандық оқу орнының екіжақты келісімі аясында ұйымдастырылып отыр. Екінші жыл қатарынан өтіп жатқан жарысқа биыл еліміздегі 10-ға жуық жоғары оқу орнынан 26 команда қатысып, 24 сағат ішінде өздерінің тың бағдарламалық жобаларын әзірлемек. Ертең сайыстың нәтижесі жарияланып, үздіктер марапат төрінен көрінетін болады.

«Бұл хакатон жастарға AI технологиясы бойынша және әлеуметтік жобаларды шешуге жақсы мүмкіндік береді. Бүгін әкімдіктің университеттермен тығыз байланысын көрсететін ерекшелігі жаңа кітапханада бас қосып отырмыз. Бұл кітапхана әлеуметтік қолдаумен униветситетте ашылды», – деді  Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.

«Әрбір жарыстың негізі жеңіс деп есептеймін. Алдынғы жылы 20 командамен қатыстық, биыл  26 топ келді. Яғни санымыз өсіп жатыр. Хакатон –программистердің жарысы. Яғни осы жерде келген негізгі тапсырмаларды орындап, 24 сағаттың ішінде жобаны өткізуіміз керек. Хакатонның тақырыбы –жасанды интелект және жұмысшы мамандықтар. Президенттің Жолдауында айтылған Жұмысшы мамандықтар жылына қатысты жоба жасаймыз», – деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Жанерке Келгенбай.

Оқи отырыңыз: Этика және қауіпсіздік: білім жүйесінде жасанды интеллектінің ұлттық моделін жасалуда