«Қазақстандағы сайлау халықаралық талаптар мен стандарттарға сай өтті». Елдегі саяси науқан барысын 10 сағаттан астам уақыт бақылаған шетелдік мамандар осындай пікір білдірді. Арнайы миссия құрамындағы халықаралық өкілдер дауыс берудің барлық кезеңін, бюллетеньдерді беруден бастап, дауыс жәшігіне салу мен дауыстарды санауға дейін жіті бақылаған. Бүгін олар сайлау күнінің қорытындысын шығарып, саяси науқанның ашық, әрі ұйымдасқан түрде өткенін атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Сайлау учаскелеріндегі дауыс беру аяқталған соң, халықаралық байқаушылар науқанды қорытындылап жатыр. Күні бойы сайлау барысын бақылаған мамандардың айтуынша, дауыс беру ашық өткен. Олар сайлау кезінде елеулі заңбұзушылықтар тіркелмегенін, ал барлық рәсім халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылғанын атап өтті.
Халықаралық байқаушылар сайлауға неліктен жоғары баға бергенін де түсіндірді.
«Әлемнің әртүрлі елдерінде тұратын Қазақстан азаматтарының сайлауға қатысуына барлық жағдай жасалған. Яғни, басты мақсат – олардың саяси науқанға қатысуына мүмкіндік жасау. Екінші маңызды мәселе – Қазақстанның халықаралық бақылаушыларды шақырып, сайлау процесін ашық өткізуі. Біздің басқа елдердегі бақылау тәжірибемізбен салыстырғанда, мұндағы сайлау халықаралық талаптар мен стандарттарға сай өтті деп бағалаймыз», – деді халықаралық байқаушы Махмұт Өзер.
Шетелдік бақылаушылар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалған жағдайларға да тоқталды. Сарапшылардың пікірінше, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың сайлау учаскелерінде дауыс беруіне барлық мүмкіндік қарастырылып, олар өз таңдауын еш қиындықсыз жасаған.
«Инклюзивті жағдайдың жасалғанын ерекше атап өткім келеді. Барлық сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне жағдай қарастырылған. Арнайы кабиналар, Брайль қарпімен жасалған трафареттер және үлкейткіш әйнектер болды. Яғни, барлық азаматтардың сайлау құқығын жүзеге асыруына жағдай жасалған», – .деді халықаралық байқаушы Алена Булгакова.
Сондай-ақ байқаушылар арасында елдегі саяси өзгерістерді жоғары бағалағандар да болды. Солардың бірі – Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты Осман Местен. Арнайы келген миссия басшысы Құрылтай атауының өзі түркі халықтарының тарихымен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Қазақстанда Құрылтай деп аталатын бір палаталы парламентке көшу шешімін біз де оң бағалаймыз. Мен бұл мәселені жақсы білемін, өйткені өзім Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутатымын.1980 жылға дейін Түркияда да Сенат пен Мәжілістен тұратын екі палаталы Парламент болған. Кейін біз одан бас тарттық. «Құрылтай» деген сөз Қазақстанның өткен тарихымен, бай тарихымен байланысты. Бұл - біздің ортақ тарихымыз», – деді Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты Осман Местен
Айта кетейік, сайлауда халықаралық бақылаушылардың рекордтық саны тіркелген. Дауыс беру процесін 42 ел мен 13 халықаралық ұйымнан келген 777 байқаушы жіті қадағалады.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген
Оқи отырыңыз: 20 қалада 582 байқаушы: «Ел Дауысы» Құрылтай сайлауындағы дауыс беру барысына баға берді