Халықаралық іздеуде болған кеден қызметкері Испаниядан елге жеткізілді

24.01.2026 10:32

Күдікті келтірген залалдың жалпы сомасы 45 млн теңгеден асады
 

Видеодан кадр

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері Қазақстанның Испания Корольдігіндегі елшілігінің қолдауымен Барселона қаласынан лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану және қызметтік жалғандық жасау фактілері бойынша күдікке ілінген Қазақстан Республикасының азаматын экстрадициялады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

"Ол 2020 жылы кеден органдарының қызметкері бола отырып, ақпараттық дерекқорға жалған мәліметтер енгізу арқылы 8 автокөліктің иелерін бюджетке төленуге тиіс кедендік баждардан заңсыз босатқан деп күдіктелуде. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 45 миллион теңгеден асады", - делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Күдікті үш жылдан астам уақыт бойы қылмыстық қудалау органдарынан бой тасалап, халықаралық іздеуде болған, кейін Испания аумағында ұсталды.

Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.

Өзіне тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Моңғолия тауар айналымын $500 млн-ға арттыруға ниетті