Халық қатысатын бюджет: биыл Наурызбай ауданында 35 жоба іске асады

13.08.2026 15:45

Халық қатысатын бюджет бағдарламасы аясында іске асқан ерекше жобаның бірі – жерүсті жүргіншілер өткелін көгалдандыру

Алматының Наурызбай ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы шеңберінде биыл 35 жоба іске асады. Оның аясында қоғамдық кеңістік пен ойын алаңын салу, тротуар және жарықтандыру желісін жөнге келтіру, жерүсті жүргінші өткелдерін көгалдандыру, сондай-ақ, автоматты суару жүйесін орнату сынды игі бастамалар бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Халық қатысатын бюджет бағдарламасы аясында іске асқан ерекше жобаның бірі – жерүсті жүргіншілер өткелін көгалдандыру. Алыстан-ақ кез келгеннің көз жауын алатын ерекше композиция Абай даңғылының Әшімов көшесімен қиылысынан басталып, Яссауи көшесіндегі өткелмен аяқталады.

Айта кетейік, бастама биыл алғаш рет іске асқан.

«Мұнда 300-ден астам сәндік модульдік конструкция орнаттық. Жоба аясында 10 мыңнан астам пеларгония мен петунья гүлдерін отырғыздық. Тұрғындарға бұл композиция ұнап жатыр. Тіпті суретке түсіп жатқандары бар. Жұмысымыздың көпшілікке ұнағанына қуаныштымыз», – деді мердігер компанияның директоры Анатолий Шуховцев.

Жауапты мамандардың сөзінше, Наурызбай ауданында жыл сайын «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы қарқын алып келеді. Биыл тұрғындар ұсынған 1370 жобаның ішінен 35-і іске асады. Олардың бірқатарында жұмыс аяқталса, қалғандарында құрылыс-монтаж және абаттандыру ісі жүріп жатыр.

«Халық қатысатын бюджет» жобасынан тыс Тастыбұлақ өзенінің жағалауын абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Биыл қазан айында аяқталады деп жоспарлануда. Яғни ол жерде абаттандыру және тұрғындарға заманауи серуен аймағын жасау жұмыстары жүргізілуде», – деді Наурызбай ауданы көріктендіру бөлімінің бас маманы Ару Керімбай.

  Аудан тұрғындары да Наурызбайдың түрленіп, күн санап көркейіп келе жатқанын айтады. Сөздерінше, жолдарға асфальт төселіп, ауданды абаттандыру ісі мықтап қолға алынған.

«Қазақстанымыз дамып келе жатыр, Наурызбай ауданында көшеде асфальт салды, теп-тегіс», – деді қала тұрғыны.

«Абайдың бойында жүретін болсаң, Момышұлы метросынан бері қарай екі жағы жайқалған, жұмысшылар сол жерді суарып жүр, жазда өте көрікті, көпірлердің үсітне керемет гүлдерді өсіп тұр. Әкіміміз әйел адам болғандықтан көп көңіл бөле ме, өте тап-таза», – деді қала тұрғыны.

Айта кетейік, биыл Алматыда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тұрғындар ұсынған 219 бастама қолдау тапқан. Жобалардың барлығы тамыз айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Оның шеңберінде қоғамдық кеңістіктер, саябақтар мен скверлер, жүргінші аймақтары, аулалар мен жағалаулар көріктендіріледі.

Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Алматының шарықтау дәуірі: 2026 жылы қала қалай әлем назарын аударды

Толық көрсету