10 жобаны қыркүйектің соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр
Биыл Алматының Алмалы ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 35 жоба жүзеге асты. Ал 10 жобаны қыркүйектің соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілішісі.
Қаңырап жатқан бос кеңістік, лас аула, ескірген ойын алаңы. Қоқыс тастайтын контейнер болмаған, ал толған көліктен ине шаншар орын жоқ. Бұл – Тілендиев көшесіндегі көпқабатты үйлердің бір жыл бұрынғы сыйқы. Мәселені шешу үшін Елена Пушкова аудандық әкімдікке жүгініп, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының барын білген. Тұрғынның айтуынша, бастаманың арқасында аула ең сүйікті демалыс орнына айналған.
«Біздің ауламыз адам танымастай өзгерді. Айнала жап-жасыл, түрлі-түсті әткеншек, спорт алаңы. Осы жобаның арқасында көршілермен жақын танысып, тіл табыстық. Балалар дос тапты, қазір үйде отырмайды, далаға ұмтылып тұрады. Бір сөзбен айтқанда, ауламызға жан біткендей болды. Осындай жобалардың барына қуаныштымыз», – деді Алмалы ауданының тұрғыны Елена Пушкова.
Ауланы абаттандыру жұмыстары биыл маусымда басталып, небәрі 1 жарым айдың ішінде аяқталған. Әкімдік өкілдері әрбір тұрғынның сұрауы ескерусіз қалмағанын айтты. Шаруа аумақты толық тазартып, инженерлік желілерді жаңғыртудан басталған. Кейін ескі асфальт ауыстырылып, әткеншектер шетелдік үлгіде жасалған. Заманауи ойын алаңының қасында уоркаут аймақ, жаттығатын жер бой көтерген. Тіпті газон төселіп, автоматты суару жүйесі, тереңдетілген қоқыс жәшігі орнатылып, көлік тұрағы да салыныпты. Бас-аяғы бұл жобаға жергілікті бюджеттен 83 миллион теңге бөлінген.
«Мердігермен бірге келіп, тұрғындарды таныстырдық. Қалай болатынын, олардың идеясын, пікірін, көріктендіру мәселесін, бәрін естіп, бірге талқылап, жобаны жасадық. Осы жобаны 1,5 айдың ішінде толықтай бітірдік. Қазір өздеріңіз көріп тұрсыздар, қандай әдемі болып қалған», – деді Алмалы аудандық көріктендіру бөлімінің бас маманы Керімхан Әбдіраман.
Айта кетейік, биыл ауданда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына барлығы 755 ұсыныс түскен. Оның 466 жоба іріктеу кезеңінен өтсе, 45-і ғана мақұлданған. Бүгінде 35 бастама сәтті жүзеге асқан. Қалғаны қыркүйектің соңына дейін аяқталмақ. Алмалыда бас-аяғы 27 аула кешенді түрде өзгерсе, 18 қоғамдық кеңістік толық абаттандырылып, жергілікті жұрттың сүйікті демалыс орынына айналған.
Аяулым Көлжігіт, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі «Тамарикс» тұрғын үй кешенінің тұрғындарымен кездесті