Халық пен билік арасындағы көпір: жаңа саяси институттың маңызы қандай
Сарапшылардың айтуынша, Халық кеңесі Құрылтайдың қызметін қайталамайды
Қазақстан Халық кеңесі – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтатын қосымша құрал». Бұл – сарапшылардың пікірі.
Институт көпшіліктің ұсыныс-тілегін мемлекеттік деңгейде көтеруге мүмкіндік береді. Осы арқылы қоғамның өзекті мәселелері ескеріліп, тараптар арасындағы диалогтың қосымша арнасы қалыптаспақ,деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстан Халық кеңесі – халық пен билік арасындағы диалогты күшейтуге бағытталған жаңа саяси институт. Жақында ғана құрылған жоғары консультативтік органның мүшесі Мұрат Әбеновтің айтуынша, бұл – қоғаммен кеңесіп, өзекті мәселелерді талқылайтын үлкен саяси алаң. Кеңес құрамындағы азаматтар халықтың түрлі сұраныстарын көтеріп, оларды мемлекеттік деңгейде талқылауға мүмкіндік алады.
«Сіздер көтерген мәселені, естиміз, әлеуметтік желіден немесе БАҚ-тан оқимын. Мемлекеттік органға сұрау жасаймын, кездесеміз. Тек «проблема бар екен» деп отырмай, шешу жолдарын іздейміз, жолдарын Үкіметке ұсынамыз», – деді Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов.
Әбенов «қоғамның пікірін ескеру заң шығару үдерісінде маңызды» дейді. Өйткені, сапалы әрі халыққа қажетті құқықтық құжат әзірлеу үшін, ең алдымен, қоғаммен кеңесіп, ортақ пікірге келу қажет. Жоғары консультативтік органның бұл бағытта да нақты өкілеттігі бар.
«Жоғары консультативтік органға елеулі өкілеттік берілген. Соның бірі – заң шығару бастамасы. Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері қоғамда қандай мәселелер, ұсыныстар барын біледі. Соның негізінде заң жобасын дайындап, оны Құрылтайдың қарауына енгізе алады», – деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Дидар Тебаев.
Сарапшылардың айтуынша, Халық кеңесі Құрылтайдың қызметін қайталамайды. Әрқайсысының өз өкілеттігі бар. Жаңа институттың ерекшелігі – қоғамдағы сұранысты мемлекеттік деңгейге жеткізетін қосымша арна. Бұл өңірлерде көтерілген жүйелі мәселелердің де республикалық деңгейде қаралуына мүмкіндік бермек.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: Экология және туризм үндестігі: Көкжайлауда 2 мыңға жуық ағаш отырғызылды