Халықты сумен қамтамасыз ету: ауқымды жұмыс қорытындысы қандай

30.04.2026 11:58

2026 жылы 320 жобаны іске асыруға 209 млрд теңге бөлінді

Depositphotos.com

Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын іске асыру аясында елде қалалар мен ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарлауынша, жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері негізінде кезең-кезеңімен іске асырылатын жоспар әзірленді. Жоспарда шеңберде іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, сумен жабдықтау нысандарын салу, сондай-ақ суды тазартудың блокты-модульдік станцияларын орнату көзделген.

Қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттер, Ұлттық қор, сондай-ақ арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.

Негізгі нәтижелер

Жалпы, тапсырманы іске асыру кезеңінде:

  • 835 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді;
  • 34 қала мен 756 ауылдық елді мекен сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізді;
  • 699 ауылда жергілікті бюджет есебінен суды тазартудың блокты-модульдік станциялары орнатылды.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы тапсырмасының мақсатты көрсеткіші толық орындалып, елдегі барлық елдімекен сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылды. Атап айтқанда, 90 қала мен 6 075 ауылдық елдімекен (халқы 7,5 млн адам) толық қамтылған.

Соның ішінде:

  • 4 725 ауылдық елдімекен орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелеріне қосылған (ауыл халқының 96%-ы қамтылған);
  • 1 350 ауылдық елдімекен орталықтандырылмаған сумен жабдықтау жүйелерімен қамтамасыз етілген (ауыл халқының 4%-ы), оның ішінде:
  • 1 103 ауылда блокты-модульдік тазарту станциялары орнатылған (ауыл халқының 3,6%-ы қамтылған);
  • 233 шағын ауылда сумен жабдықтау жеке ұңғымалар арқылы жүзеге асырылады;
  • 14 ауылда шалғай орналасуына және су көздерінің болмауына байланысты су тасымалдау арқылы жеткізіледі.

Сумен жабдықтаудың әртүрлі модельдерін қолдану халықты сумен қамтуды қамтамасыз етіп қана қоймай, тиімсіз күрделі шығындардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту мен жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Атап айтқанда, «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында:

  • коммуналдық желілердің тозуын кезең-кезеңімен төмендету;
  • инфрақұрылымның сенімділігін арттыру;
  • ресурстарды басқару мен есепке алудың заманауи технологияларын енгізу көзделген.

Сонымен қатар, 2026 жылы жалпы сипаттағы трансферттер есебінен сумен жабдықтау және су бұру бойынша 320 жобаны іске асыруға 209 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде қалаларға – 144 млрд теңге, ауылдық елді мекендерге – 65 млрд теңге бағытталды.

Аталған мәселе Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің тұрақты бақылауында.

Оқи отырыңыз: Сенат бұралқы иттер мәселесіне арналған заңды Мәжіліске қайтарды