Елде 240 босандыру ұйымы, оның ішінде 58 перзентхана және 37 перинаталдық орталық бар
Бүгін – халықаралық акушерлер күні. Республика бойынша салада 9 мыңнан астам маман қызмет етеді. Ал олар жыл сайын орта есеппен 370 мыңға жуық ананы босандырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Акушер – сәби мен ананың арасындағы алтын көпір, жаңа өмірдің есігін ашатын маман. Бұл мамандық тек медициналық білім емес, үлкен жауапкершілік пен мейірімділікті де талап етеді. Осы салаға 40 жылдан астам ғұмырын арнаған Әлия Тілеужанова да көп ананың тілеуін тілегендердің бірі. Дәрігер Семейдегі медициналық университетте тәлім алып, оқу орнын тәмамдаған соң, еңбек жолын аудандық емханадан бастапты. Кейін ұл-қызының болашағы үшін Алматыға қоныс аударып, қызметін осында жалғастырған.
«Дәрігер болуды қаладым. Акушер-гинеколог – адамның және баланың, екі адамның өмірінің арашасы. Егер қайта таңдау керек болса, акушер-гинеколог болар едім», – деді Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының акушер-гинекологы Әлия Тілеужанова.
Әріптестері Әлия Уәлиханқызының білікті маман ғана емес, ұжымының ортасында сыйлы жан екенін айтады. Ол – біріне ақылшы әпке, біріне жанашыр дос.
«Әлия Уәлиханқызымен жұмыс істегеніме 10 жылдан астам уақыт болды. Оның білікті маман иесі ретінде ғана емес, ақылшым деп білем. Адамгершілігі мол, ақылды жан. Жұмыс барысында кеңесіп тұрамыз. Жеке өміріміздегі жағдайға қатысты ақылын айтып, жол көрсетеді», – деді Ә. Тілеужанованың әріптесі Айгүл Абдулова.
Әлия Тілеужанова Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында акушер-гинеколог болып жұмыс істейді. Бұл медициналық мекеме 2011 жылы ашылған. Содан бері орталық қызметкерлері ұрпақ саулығы үшін елеулі еңбек етіп келеді.
«Орталықтың жоғары жетістіктерге жетіп жатыр. Былтыр 2024 жылы Қазақстан бойынша «Беделді перзентхана» атағын жеңіп алдық. Бұл – өте жоғары баға!» – деді Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының акушер-гинекологы Әлия Тілеужанова.
Республика бойынша 9 мыңнан астам акушер қызмет етеді. Олардың 64 пайызы қалада, ал қалған 36 пайызы ауылда жұмыс істейді.
Айта кетейін, елімізде бүгінде 240 босандыру ұйымы, оның ішінде 58 перзентхана және 37 перинаталдық орталық бар.
Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Жатыр мойны обыры: Алматы онкологиялық орталығына күрделі ота жасалды