ХХІ ғасыр педагогі: Алматыда халықаралық семинар басталды

15.09.2025 16:11

Шанхай баспа және полиграфия колледжінің мамандары жиырмадан астам қазақстандық ұстазға дәріс оқыды

Алматыда «ХХІ ғасыр педагогі: дизайн, медиа және жасанды интеллект» атты халықаралық семинар өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Үш күнге жалғасатын іс-шара академиялық ұтқырлық аясында ұйымдастырылған. Алғашқы күні Қытайдан келген оқытушыларға отандық колледжде экскурсия өткізіліп, артынша Шанхай баспа және полиграфия колледжінің мамандары жиырмадан астам қазақстандық ұстазға дәріс оқыды. Семинарда визуалды мәдениет, цифрлық жарнама, мультимедиа және типографиядағы заманауи әдістер таныстырылып, тыңдаушылар генеративті дизайн мен жасанды интеллектінің графика саласындағы қолданылуын тәжірибеде меңгерді.

Айта кетейік, үш күндік семинарды сәтті аяқтаған қатысушыларға халықаралық үлгідегі сертификат табысталады.

«Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаевтың Жолдауында цифрландыру 3 жылдың ішінде жолға қойылуы керек екенін айтты. Биыл – жұмысшы мамандықтар жылы. Осыны пайдалана отырып, цифрлық жобаны іске асыру мақсатында жасанды интеллектіні Қытай мамандарынан оқып, үйренгіміз келеді», – деді Принтмедиа технологиялар колледжінің директоры Гүлзада Абдуллаева.

«Қытайдың Шанхай қаласынан арнайы кәсіптік білім беру үшін келдік. Графикалық дизайн бағыты бойынша 18 академиялық сағат көлемінде түрлі тақырыптарды қамтитын дәріс оқимыз. Бұл сабақта елде қолданылатын заманауи әдістемелер мен тәжірибелер қамтылады. Сондай-ақ Қазақстандағы әріптестерге халықаралық жобалармен жұмыс істеудің қыр-сырын үйретеміз. Семинарды сәтті аяқтаған қатысушыларға халықаралық үлгідегі сертификат табысталады», – деді Шанхай баспа және полиграфия колледжі директорының орынбасары Ву Ксинджинг.

Оқи отырыңыз: Jastar Generation – 2025: Алматыда халықаралық лагерь жұмысын аяқтады