Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды
Ақмола облысы Бурабай ауданына қарасты Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас салынған бір қабатты дәмханада газ-ауа қоспасының жарылысы болып, кейін өрт шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі 112 AQMOLA-ға сілтеме жасап.
Хабарлама түскеннен кейін 5 минут ішінде Ақмола облыстық ТЖД күштері мен құралдары оқиға орнына жетті. Өрт толықтай сөндірілді. Қазіргі уақытта құтқарушылар үйінділерді аршу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында жанып жатқан дәмханадан әрқайсының көлемі 50 литр болатын 5 газ баллоны және 2 оттегі баллоны сыртқа шығарылды. Осылайша ғимарат ішінде жарылыстың қайталануына жол берілмеді.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, 10 адам құтқарылды. 28 адам зардап шекті, олардың 13-і ауруханаға жатқызылды. 8 адамға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. 7 адам қаза тапты. Зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетілуде, олардың жағдайы дәрігерлердің бақылауында.
Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде жедел желі ашылды: 8 (7162) 51-42-98. Өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.
Оқи отырыңыз: Жұмысынан айырылған қанша адамға әлеуметтік төлем төленді