Кім кінәлі: Ақтаудағы жатахқанада тұратын студенттер сырт киіммен ұйықтауға мәжбүр

13.11.2025 15:31

Әкімдік пен жатақхана иесі жылу мәселесін бір-біріне сілтеп отыр

Күздің қара суығында Ақтаудағы жатахқанада тұратын студенттер дірдек қағып отыр. 60 білім алушы тұратын нысанда жылудан бөлек, ыстық су да жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әкімдік пен жатақхана иесі жылу мәселесін бір-біріне сілтеп жүргенде, жатақханадағы студенттер бүрсең қағып жүр. Бөлме ішінде қырық-қабат киім киіп жүруге мәжбүр. Солардың бірі – Нұрбек Берқалиев.

«20 күн болды әлі жылу жоқ. Комнатада пальто киіп жатамыз. Жылу берілсе, біз де адам баласымыз ғой», – деді колледж студенті Нұрбек Берқалиев.

«Алдыңғы айда жылу қосылу керек еді. Бірақ әлі жоқ. Комнатаны электр пеші жылыта алмай отыр. Ыстық су да жоқ. Мұздай суға жуынып, ауырып жатырмыз», – деді колледж студенті Бибігүл Бекболат.

Қыруар ақша бөлінген жылу желісінің жөндеуі әлі жүріп жатыр. Бірақ жатақхана маңындағы желілер жалғанбаған. Жауапты мамандар «құбырларды жатақхана әкімшілігі өзі қосып алсын» депті.

«Бізге алдын-ала ескертілген жоқ. Мұндай жұмысқа қыруар ақша кетеді. Кәсіпкер ретінде біздің құқығымызды бұзып тұр деп ойлаймын. Ереженің өзінде бәрі анық көрсетілген. Кез келген мекеме белгілі бір жұмысты қолға алса, соңына дейін аяқтап, тапсыруы керек», – деді жатақхана директоры Баян Атшабарқызы.

Энергетика министрлігінің қаулысында жылу желісі жаңғыртудан өткен соң, толық тапсырыс беруші тарапынан қайта қосылу керек деп көрсетілген. Студенттер үйінің өкілдері осыны негізге алып, тиісті органдардың бәріне шағымданған. Бірақ 8 млн теңге кететін жұмысты шенділер мойнына алғысы келмейді.

«20-ға жуық жеке кәсіпкерлік нысан бар. Техникалық шарт Бюджеттік кодексінде біздер тек әлеуметтік объектілер мен тұргын жайларға қосамыз. Жеке касіпкерлерге заңды түрде құбыр жүргізуге құқығымыз жоқ», – деді Маңғыстау облысы Энергетика және ТҮКШ бөлім басшысы Нұрсұлтан Болатов

Жатақхана басшылығы студенттерден небәрі 2 млн теңгедей табыс түсетінін айтады. Сол себепті желіні өз қаржыларына қосуға түбегейлі қарсы. Студенттер үйінің әкімшісі жұмысты соңына дейін аяқтамаса, бұл жағдайдың кесірі студенттерге тиетіні анық деп отыр.

Оқи отырыңыз: Астанада құлаған тұрғын үй қасбетіне жауапты құрылыс компаниясының ісіне қандай баға беріледі