Кім кінәлі: Нұркент шағынауданы тұрғындары жарыққа жарымай отыр

Аудандық электр желісінің басшысының айуынша, тұрғындардың қарызы өтелмеген соң, электр жарығын өшіруге мәжбүр болған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы Нұркент ықшамауданында жарық мәселесі тұрғындарды алаңдатып отыр. Соңғы бір апта ішінде электр энергиясы күнде сағат 9:00-ден сағат 16:00-ге дейін өшіріліп, көпшілікке қолайсыздық туғызған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бір аптадан бері электр қуатының үзілуінен әбден қажыған нұркенттіктер базынасын айтып, жиналды. Олардың айтуынша, жарық күніне 6-7 сағат өшіп қалады. Салдарынан, лифт істемей, күнделікті тіршілік тұралаған.

«Үш күн болды сағат 9:00-ден сағат 16:00-ге дейін жарықты өшіріп отыр. Үйде балаларымды ұстап отыра алмаймын. Оларды телевизорсыз, телефонсыз ұстай алмайсың. Үйге сыймай отыр. Ал сыртқа шығайын десем бесінші қабатта тұрамыз. Не лифт істемейді. Менің төрт баламның біреуінің коляскасы, біреуінің самокаты бар», – деді қала тұрғыны Аида Өмірсерікова.

«Жарық жоқ. Жеделсаты істемейді. Өткенде 70 жастағы кейуана ішінде қамалып қалды. Қан қысымы көтеріліп, құлап қалса, кім жауапты? Сыртқа баспалдақпен шығамыз, жарық өшсе, тас қараңғыда ешнәрсе көрінбейді», – деді қала тұрғыны Айгүл Орынбекова. 

Ал сала мамандарының айтуынша, Нұркент ықшамауданында 40-қа жуық көпқабатты үй бар. Алайда бұл үйлер бір жүйеге бағынбай, түрлі басқару жүйесіне бөлінген. Сондай-ақ тұрғындардың біразы коммуналдық төлемді уақытында төлемей, қомақты берешек жиналған. Соның салдарынан жарық беруші мекеме тек қарызы бар үйлердің емес, бүкіл ықшамауданның жарығын сөндіруге мәжбүр болған.

«Қазір 40 үйдің сегізі бөлініп кеткен, қалған үйлер Нұркенттің қарамағында. 4 млн 800 мың теңге – сол үйлердің қарызы. Келісімшарт бізбен жасалғандықтан, есепті де бізге береді.  МИБ-ке бермейді. Осы мәселені сот арқылы шешуді қолға алдық», – деді Пәтер иелері кооперативінің инженері Рият Кенжетаев

Ал аудандық электр желісінің басшысы тұрғындарға алдын ала хабарлама берілгенін, алайда қарыз өтелмеген соң электр қуаты тоқтатылғанын жеткізді.

«Объект бойынша ескерту берілді. Бір ай бұрын ПИК-ке звондап айттық. Қарызы бар үйлер 7 айдан 12 айға дейін төленбей тұр. Нұркент-1 шағынауданы толық қарызды өтегенде, электр жарығы уақытылы қосылады», – деді аудандық электр желілерінің Алатау ауданы бойынша басшысы нұргүл Мұсабайқызы.

Тұрғындар жауаптылардың бұл сөзімен келіспейді. Өйткені, жарығы сөнген көпшіліктің қатарында қарызы жоқтар да бар. Енді олар мәселе жуық арада шешілмесе, құқық қорғау органдарына, тіпті Бас прокуратураға дейін шағымдануға ниетті.

Мәди Мәлік. Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Алматы халықаралық цирк фестиваліне 16 елден келген артистер қатысады

 

Новости партнеров