Кім кінәлі: Жетісу облысында жеке тұрғын үй өртеніп, 4 бала жетім қалды

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі апаттың себебін анықтау үшін арнайы жұмыс тобының құрылғанын жеткізді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жетісу облысында жеке тұрғын үй өртеніп, 7 адам зардап шекті. Оның бесеуі қазір ауруханада жатыр. Ал ауыр хәлде жансақтау бөліміне түскен ерлі-зайыптыларды аман алып қалу мүмкін болмады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Төрт күн бұрын 51 жастағы арыстай азаматын жерлеген Бекпаевтар әулеті бүгін 47 жастағы келінді жоқтап отыр. Ал ата-анасынан айрылған  балалармен қоса, осы үйге қонаққа келген қыз бала да қазір ауруханада. Балалардың біреуі болса, әлі де жансақтау бөлімінде жатыр.  Дәрігерлердің айтуынша, 16 жастағы жасөспірімнің денесінің 38-40 пайызын күйік шалған. 

"Балалар ауыр дәрежедегі күйік жарақатын алған. Біреуінің денесін  25, екіншісінікін  15 пайыз күйік шалған. Олар жансақтау бөлімінде ем қабылдады. Бүгінгі таңда олардың жағдайы тұрақталып, екеуі де бөлімшеге ауыстырылды. Қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық құралдар жеткілікті.  Жағдайы толық жақсарғаннан кейін ота жасаймыз", – деді облыстық балалар ауруханасының дәрігері Батыржан Борамбаев

Қайғылы жағдай 31 желтоқсанда таңертең болған. Жарылыстың күшті болғаны соншалық, үйдің екінші қабатын күл-талқан етіп, шатыры мен қабырғаларын  лақтырып жіберген. Марқұмдардың туыстарының айтуынша, олар газ шығып тұрғанын  айтып  бірнеше рет апаттық қызметті де шақырған.

"Мамандар қайта-қайта тексеріп, «бәрі жақсы» деп кеткен екен.  Бұрынғы қосылған газ көшеден үйге кірген. Таңғы сағат 7:00-де оянғанда, электр жарығын жаққан. Қысымнан үй жарылып отыр", – деді марқұмның туысы Қайрат Байсалақов.

"Арыстай ұлымнан айрылдым, ол аз болғандай жасанды аппаратың көмегімен дем алып  жатқан келінім де көз жұмды. Төрт балаға не дейміз? Ауыр қазаға тап болдық. Газдың иісі шығып жатқанда балам шақырған, тексеріп, үндемей кетіп қалды. Салғырттықтан осындай оқиға болды", – деді марқұмның анасы Күләш Бекпаева.

Төтенше жағдайлар басқармасының алдын ала болжамы бойынша, өрт табиғи газдан болған. Бірақ жауапты компания желілерде еш ақау жоқ деп мәлімдеме жасады.

"Қауіпсіздік техникасы жөніндегі нұсқаулықтарға сәйкес, газ желілерін пайдалану және жөндеу қызметінің мамандары төмен қысымды жерасты газ құбырларының герметикалығын тексерді. Ресми тексерулер нәтижелері бойынша, біз қызмет көрсететін газ желілерінде газ ағуы жоқ және олар қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр", – делінген «QazaqGaz Aimaq» АҚ хабарламасында.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі апаттың себебін анықтау үшін арнайы жұмыс тобының құрылғанын жеткізді. Сондай-ақ жарылыстан зардап шеккендерге 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік көмек берілетіні де мәлім болды. Асыраушысынан айырылған отбасындағы кәмелетке толмаған балалардың әрқайсысына да ай сайынғы әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.

Айта кетейік, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Полиция бұл дерекке қатысты қылмыстық іс қозғды.

Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, Жетісу облысы

Оқи отырыңыз: Алматыда жұмыссыздық деңгейі төмендеді 

Новости партнеров