Әкімдер рейтингіне жаңа көрсеткіш енгізіледі: Ғылым мен инновация басты назарда

31.03.2026 21:00

Әкімдердің жұмысы енді өңірдегі ғылыми белсенділікке қарай бағаланып, елордада жаңа технологиялық кластер құрылмақ

Енді Қазақстанда өңір басшыларының жұмысы тек жол жөндеу, құрылыс немесе экономикалық өсіммен ғана емес, ғылымды дамыту деңгейімен де бағалануы мүмкін. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында осындай жаңа индикатор енгізуді ұсынып, инновация саласындағы жүйелі мәселелерді шешуді тапсырды, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаңа Конституцияда ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде бекітілген. Соңғы 6 жыл ішінде ғылымға бөлінетін бюджеттік қаржы 6 есеге артқан. Сонымен қатар, капиталы 10 миллиард теңгені құрайтын эндаумент-қор құрылуда. Бұл қордың ерекшелігі – негізгі капиталға тиіспей, одан түскен инвестициялық табысты білім беру, медицина және мәдениет нысандарын қаржыландыруға жұмсау.

«Бұл экожүйенің оқшау емес, Astana Hub және Alem ai халықаралық жасанды интеллект орталығымен тығыз іс-қимылда қалыптасып жатқаны өте маңызды. Біз ғылымды, стартаптарды, технологиялық командаларды және даму инфрақұрылымын біріктіретін бірыңғай контурды қалыптастырып жатырмыз», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Астанада құрылатын жаңа технологиялық кластер жылына 500-ге жуық стартапты іске қосуға мүмкіндік бермек. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, кластер аясында Робототехника және Дрондар орталықтары сияқты мамандандырылған желілер ашылуда.

«Робототехника орталығында гуманоид роботтар зертханасы іске қосылды. Сонымен қатар, Дрондар орталығында Phygital-арена және дрон операторларын даярлауға арналған инфрақұрылым құру аяқталуға жақын», – деп атап өтті Жаслан Мәдиев.

Премьер-министр Олжас Бектенов инновациялық белсенділікті арттыру үшін 1 маусымға дейін барлық өндіріс орындарына кешенді түгендеу жүргізуді және инновацияларды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Үкімет басшысы өңірлердегі ғылыми белсенділіктің төмендігін айтып, бұл бағытта біртұтас мемлекеттік стратегияны іске асырудың маңыздылығын қадап айтты.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 303 зертхана жұмыс істеп тұр: ғылым мен бизнестің интеграциясы