Кіндік қаным тамған жер – Мәтібұлақ: ауыл тұрғындары 70 жылдық мерейтойды атап өтті

14.10.2024 16:42

Кенен Әзірбаевтың ауылындағы торқалы той "Ардагерлер" аллеясының ашылуынан басталды

Биыл Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Мәтібұлақ ауылына 70 жыл толды. Өткен ғасырдың 50-жылдары тың игерумен бірге ірге көтерген елдімекеннің мерейтойын ауылдағы ағайын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

"Кіндік қаным тамған жер – Мәтібұлақ" деп жырлаған Кенен Әзірбаевтың ауылындағы торқалы той "Ардагерлер" аллеясының ашылуынан басталды. Қуанышқа жиналған қауымның қарасы көп. Жаңа саябаққа елдімекеннің өркендеуіне елеулі үлес қосқан азаматтардың аты жазылған тақтайша орнатылған.

Елдімекеннің 70 жылдығына орай, ауылдағы аурухана күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілді. Сондай-ақ Мәдениет үйі де жаңғыртылып, мектептің ауласы абаттандырылды. Ондағы екі оқу сыныбы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Көшелерді жарықтандыру мәселесі де назардан тыс қалмады.

"Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "Ауылды дамыту – ол жалпы еліміздің экономикасын өсіру" деп айтқаны белгілі. Сондықтан шалғай жатқан ауылдардағы азаматтардың, ағайын-туыстың жағдайын жақсарту – республикадағы әлеметтік мәселенің шешілгені деп есептеймін", – деді Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас .

Үш күн бұрын ауылға көгілдір отын кіргізілген. Бұл игі шаруа жеке кәсіпкерлер мен инвестиция есебінен қаржыландырылған. Ауылда жақында спорт кешені де бой көтерген. Екі бірдей мейрамхана мен дүкен салынып жатыр.

"Бір заманда 100 мың қойы болған совхозда қазір 30-40 мың шаруашылықтың қойы бар. Ауыл азаматтары қой басын көбейтіп жатыр. Жақында спорт кешені салынды,қазір наубайхана құрылысы жүріп жатыр", – деді Мәтібұлақ ауылының тұрғыны Анарбек Нұрланғазиев.

"Қазақта «орнында бар оңалар» деген сөзі бар. Ауылда қалған жігіттердің еңбегінің арқасында ауыл да дамып жатыр", – деді Мәтібұлақ ауылының тұрғыны Күлғайша Смағұлова.

Салтанатты іс-шара аясында көпбалалы анаға үйдің кілті табысталды. Сондай-ақ ауылдық округтің азаматтары атынан оқушыларды мектепке тасымалдайтын көлік сыйға берілді. Іс-шара мерекелік концертпен жалғасын тапты.

Гүлмарал Изатқызы, Әйкерім Пернебек, Әлішер Ерғалиұлы, Алматы облысы