Жобаның негізгі мақсаты – жастарға кітап оқу мәдениетін дәріптеу және отандық әдебиетке қызығушылығын арттыру
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Креативті индустрияларды дамыту қоры «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында «Автормен кездесу» жобасын бастады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Министрлік мәліметінше, жобаның негізгі мақсаты – жастарға кітап оқу мәдениетін дәріптеу және отандық әдебиетке қызығушылығын арттыру. Бастама Мемлекет басшысының 2026 жылғы 16 мамырдағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыруға бағытталған.
Жобаның алғашқы қонағы – жазушы, драматург, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова. Қаламгермен кездесу елордада өтті.
Кездесуге қатысушылар жазушының шығармашылығы мен қазіргі қазақ әдебиетінің даму үрдістері туралы пікір алмасты.
«Автормен кездесу» жобасы оқырман мен қаламгер арасында ашық әңгіме өрбітіп, отандық авторлардың шығармаларын кеңінен таныстыруға және жас буынды көркем әдебиетке баулуға мүмкіндік береді.
Аталмыш бастама кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру мақсатындағы «Кітап оқитын ұлт» марафонымен үндеседі.
Оқи отырыңыз: Республика күні қарсаңында Қазақстанның барлық аймағында экоакция өткізілді