Қоғамдық көліктер жол полициясының қызметін атқара ала ма

07.11.2024 21:25

Талдықорғанда жол ережесін бұзғандарды анықтайтын жаңа әдіс сынақтан өтіп жатыр

Қоғамдық көліктер жол полициясының қызметін атқаруы мүмкін. Талдықорғанда жол ережесін бұзғандарды анықтайтын жаңа әдіс сынақтан өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жол қозғалысын бақылайтын камера №5-бағыттағы бір ғана автобусқа орнатылған. Жаңа құрылғы қырағы көрінеді. Шамамен бір айда 611 заңбұзушылықты анықтап, 12 млн теңгеден астам айыппұл тіркеген. Бірақ әзірге бұл сома жол ережесін бұзғандардан өндірілмейді. Өйткені 6 қарашаға дейін жоба пилоттық режимде жұмыс істейді.

"Сәйкестендіретін қағаз сертификаты болған уақыттан бастап оны іске асыра аламыз", – деді Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы еркебұлан Досымбеков.

Қоғамдық көліктегі «Оракул инсайт» камерасы жылдамдық асырғандарды, алдындағы автокөлікті озып арсы бағытқа шыққандарды, тыйым салынған жерге тоқтағандарды, мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүргендерді күні-түні тіркеп отырады. Жиналған ақпарат  автоматты түрде полицияның арнайы орталығына түседі. Осы арқылы тәртіп сақшылары көлік иелеріне айыппұл жолдайды. Ал жүргізушілер бұған үзілді-кесілді қарсы.

"Қоғамдық көлікке камера қоймасын. Заңды түрде тиісті орындарға орнатылсын. Халықты тонау ғой, құптамаймын, дұрыс емес деп ойлаймын", – деді Талдықорған қаласының тұрғыны Бақыт Рысқұлов.

Жүргізушілер бұл жоба «айыппұл арқалатудың амалы» деп санаса, тәртіп сақшылары «жаңа камералар жол ережесін бұзғандардарды тез анықтауға мүмкіндік береді» дейді. Алдағы уақытта қоғамдық көлікке ғана емес, жедел жәрдемге де орнату жоспарда барын айтты. Полицейлер пилоттық жобаның нақты қай уақытта жүзеге асатынын ашып айтпады. Жоба мақұлданса,  құны 9 млн тұратын ресейлік құрылғылар сатып алынуы мүмкін.

Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, Жетісу облысынан

Оқи отырыңыз: Қызын зорлап, анасын өлтірген: Түркістанда қанды оқиғаға байланысты сот отырысы басталды