Ұлы Жібек жолы бойында маңызды қала саналған Тұрфан түрлі ұлттың тарихынан сыр шертеді
Орталық Азия мен Еуропа елдеріне тән, һәм ортақ қазына ол – жылқы мәдениеті. Түркі халқының асыл тұқымды ақалтекелері мен кәрі құрлықтың элиталы арғымақтары әр елдің өжет мінезі, еркіндік рухы іспеттес. Шыңжаң өлкесінде осындай тұлпарларды баптап, ежелгі жылқы мәдениетін өркендетіп отырған экологиялық саябақ бар. Ұлы Жібек жолы бойында маңызды қала саналған Тұрфандағы екі мыңжылдық ескі шаһар да түрлі ұлттың тарихынан сыр шертеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Аспан асты еліне табан тіреген әрбір жанды өзіне баурайтын мекен көп. Солардың бірі – Шыңжаң өлкесіндегі ежелгі экологиялық парк. Бұл жай ғана саябақ емес, тарих пен табиғаттың үндестігі, арғымақтарды ардақтаған күллі өркениеттің тірі музейі. Үрімжі қаласының жоғары технологиялық аумағында орналасқан бұл орталықта жер жаһаннан әкелінген асыл тұқымды 600-ге жуық ақалтеке бар. Ал оларды күтіп, баптап жүрген – қазақтың қыз-жігіттері екен.
«Франциядан келген үлкен аттар бар. Салмағы 1 тоннадан асады. Тағы да араб елінен келген аттар бар, Жапониядан, Испаниядан келген аттар бар. Иесі Чэн Фэн мырза осы аттарды сатып алған. Ол өзі алтайлық. Орта Азиядағы мемлекеттермен сауда жасап жүріп көшпенді ұлттардың, қазақ-қырғыздардың мәдениетіне қызығып, осындай аттарды ұстаған», - деді Шыңжаң ежелгі экологиялық паркінің нұсқаушысы Ақжол Даңқбек.
Асыл тұқымды арғымақтардың 400 тұяғы – Түрікменстаннан әкелінген. Олар күніне екі мәрте алыс-жақыннан жеткен саяхатшыларға өнер көрсетеді.
Айта кетейік, ұлттық туризмнің үлгісіне айналған бұл орталықтың өзі жылына миллиондаған келушіні қабылдауға қауқарлы.
Орталық аумағында жылқылар жаттығатын 4 үлкен алаң жасақталған. Сондай-ақ сәйгүліктерге арналған бассейндер де қарастырылыпты. Қазір мұнда асыл тұқымды ақалтеке мен өзге де элиталық арғымақтардың 18 түрі бар. Жергілікті жұрт арасында «көк аспан пырағы» деп аталып кеткен «бұл тұлпарлар Қытай тарихынан сыр шертіп қана қоймай, Орталық Азия мен Еуразия арасындағы мәдени ынтымақтастық пен экономикалық байланысты арттыратын - алтын көпір» дейді мұндағылар.
Ақалтекені көрші елдің «көк аспан пырағы» деуі бекер емес. Сәйгүлікті ардақтаған олар саябақта тіпті «Жабайы жылқы өнері» галереясын да ашыпты. Онда Шыңжаң мен Орталық Азия елдерінің хас шеберлері салған майлы суреттер, портреттер мен мүсіндер қойылған. Ал орталық аумағы 300 миллион жылдық тарихы бар ежелгі ағаштармен сәнделген.
Ярғұл деп аталатын бұл ескі шаһардың 2 мың жылдан астам тарихы бар. Ұлы Жібек жолының бойында маңызды қала саналған бұл аумақты 8 мыңнан аса халық мекендеген екен. Қазір мұнда сол заманда өмір сүрген жергілікті жұрттың 120-дан аса үйі, ғибадатханалары мен кеңселері, сондай-ақ бейіттері қаз-қалпында сақталып қалған.
Шыңжаң өлкесінің көрнекті мекені Тұрфан маңында орналасқан. Ежелгі шаһардың атауы қытай тілінен аударғанда «өзен аралығы» дегенді білдіреді. Өйткені қала екі өзеннің түйіскен жерінде, жартас үстінде тұр. Ғасырлар бойы Шығыс Азияда ең бай, әрі өркендеген елдімекеннің бірі болған бұл шаһар моңғол шапқыншылығынан кейін қаңырап бос қалған. Бүгінде ежелгі өркениеттің ізіне айналған нысан 2014 жылы ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік мұралары» тізіміне еніпті.
«Бұл ескі шаһардың гүлденген уақыты мың бес жүзінші жылдарға сәйкес келеді. Сол кезде барыс-келіс, сауда, мәдениет қатты дамыған. Ежелгі нысанды көруге келетіндер көп. Бірақ Тұрфан қаласы өте ыстық. Сондықтан 2016 жылдан бастап туристердің кешкі салқында серуендеуіне жағдай жасалды», - деді Цзяохэ ежелгі қаласының нұсқаушысы Нұрбия Әбілмет.
Шыңжаң өлкесін шартарапқа танымал еткен тағы бір дүние– бақша өнімдері. Соның ішінде жүзім Тұрфан жазирасының символына айналған. Ғасырлар бойы бұл жемістің түрлі сұрыптары шығарылып, одан мейіз, шарап жасалып, оны экспортқа шығару ата-бабадан қалған кәсіпке айналған. Ал оларға тіршілік нәрін жеткізу ісі ежелгі заманнан қолға алыныпты. 2300 жыл бұрын тұрфандық инженерлер бақша өнімдерін суару үшін жерасты каналдарын қазып, кәріз желісін жүргізген. Бүгінде қайта жанданған аумақ – әлемдік деңгейдегі туристік нысан. Ал жасыл желекке жан бітіріп, шөлді қандырған салқын су – еріксіз Іле Алатауының бұлақтарын еске түсіреді.
Аяулым Көлжігіт, Нұрбол Қызықбаев, «Алматы» телеарнасы, Қытай Халық Республикасынан
Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 30 млрд долларға жетті