Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 30 млрд долларға жетті

Соңғы екі жылда Қазақстан мен Қытай арасында 28 млн тонна жүк тасымалданған 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасында экономикалық әріптестік нығайып келеді. Бүгінде екіжақты сауда көлемі 30 миллиард АҚШ долларына жеткен. Солардың ішінде Қазақстанның көрші елге экспорты 16 миллиард доллар болған. Ал Қытайдан бізге көбіне автокөлік жабдықтары, киім-кешек пен азық-түлік келеді. Бұл ретте Үрімші халықаралық құрғақ порты - қос тарапты алыс-беріспен қамтамасыз ететін логистикалық хаб рөлін атқарса, «Қытай-Еуразия 2025» ЭКСПО-сы  – екі елдің өндірістік қуатын көрсететін алаңға айналған. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласында да тәжірибе алмасу жандана түсті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.  

Бұл - Азия мен Еуропаның экономикалық аймақтарын байланыстыратын Үрімші халықаралық құрғақ порты. Шыңжаң провинциясындағы маңызды бұл хабтан пойыздардың 21 бағыты 19 ел мен 26 қалаға қатынайды. Бұл ретте Қазақстанға Қытай-Еуропа логистикалық орталығынан жүк пойыздары 2 күнде келеді. Ал бір жылда бас-аяғы 500-ге жуығы қатынайды. Осылай тығыз қарым-қатынас орнату арқылы қос тарап соңғы екі жылда 28 миллион тоннадан аса жүк тасымалдапты. Бұл ретте астық, ұн мен ұнтақ өнімдері, өсімдік майлары мен түсті металдар секілді тауарлардың экспорты едәуір артқан екен.

«Затты ішкі Қытайдан әкелеміз, болмаса жергілікті заттарды Қазақстанға жібереміз. Көлік жабдықтары, дөңгелектер, кейде киім-кешек, жеміс-жидек болады. Бір аптада 30-ға жуық  пойыз, ал бір айда 60-қа жуық пойыз жібереміз. Бір пойызда 50 контейнердей бар», - деді Үрімші халықаралық құрғақ портының пойыздарды жөнелту бойынша маманы Тілек Тұрғанұлы.

Қытай Халық Республикасы ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруде де алдына жан салмай келеді. Аспан асты елінде тұқым сату көлемі бойынша 9-орында тұрған «Цзю Шэн Хэ» компаниясы Чанцзи қаласында орналасқан. Мұнда түрлі дақыл тұқымдары өндіріледі. Ең алдымен, дәндерді ғылыми қызметкерлер зерттеп, жетілдіреді. Соның арқасында 300-ден аса жаңа сұрып шығарылыпты. Осылайша, жылына 300 мың тоннаға жуық өнім алынып, олар елдің 18 провинциясына таратылады екен. Бұл ретте айта кетейік, компания 2015 жылы Қазақстанмен ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастық орнатып, қазірге дейін жаңа сорттарды әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіп келеді.

Бұл компанияның негізі 2003 жылы қаланған. Агроөнеркәсіп кешендерінің ішінде көш бастап тұрған бұл мекеме бидай, мақта, арпа, жүгері секілді өнімдерді өсіріп қана қоймай, олардың жаңа сортын шығарумен айналысады. Мәселен, біз тұрған мына алқапта тек бидайдың 2 мың сорты бар екен. Ал мына түрінің масағы жақсы шығуы үшін ғарышқа 1 айға жіберілген көрінеді. Алдағы уақытта бір гектар бұл аумақтан 11 тоннаға жуық бидай алынбақ.

Ал Чанцзи қаласындағы демонстрациялық аймақ - ауыл шаруашылығының тағы бір озық үлгісі саналады. Бұл жылыжайдың ерекшелігі – өнімдер топырақта емес, суда өсіріледі. Мамандар бұл өз кезегінде тіршілік нәрін 95 пайыз үнемдеуге, әрі көкөністердің пісу уақытын 70 күннен 25 күнге дейін қысқаруға мүмкіндік береді дейді. Мұнда барлығы 18 ақылды жылыжай бар. Онда әр елден әкелінген 50-ден аса бақша өнімдері мен жеуге жарамды жасыл желек күтіп бапталады.

«2004 жылы құрылған бұл павильон «ақылды ауыл шаруашылығы» деп аталады. Оның аумағы 16 мың шаршы метрді құрайды. Біз көкөністердің шығымы жақсы болуына әрі жылдам өнім беруіне ден қоямыз. Бұл ретте ғылыми тұрғыдан көп зерттеу жүргіземіз», - деді «Ақылды ауыл шаруашылығы» павильонының жетекшісі Янь Цзинь.

Аспан асты елі жергілікті халық тұтынатын тіршілік нәрін де ерекше технологиямен шығарады. Инновациялық әдісті өндіріске енгізген Үрімші қаласындағы биотехнологиялық компания суды «Мұзтау ата» тауындағы мұздықтан арнайы техниканың көмегімен алады екен. Өйткені, ол табиғи әрі құрамында адам ағзасына пайдалы минералдар бар дейді өндіріс қызметкерлері.

Заманауи әдісті барлық салаға енгізе білген Қытай кәрі құрлық пен Орталық Азия арасында экономикалық байланысты да үдеткен. Бұған - Үрімшідегі «Қытай-Еуразия 2025» ЭКСПО-сы дәлел. 100 мың шаршы аумақты қамтитын бұл көрмеде түрлі ұлттың павильоны бар. Онда әр мемлекеттің жетістігін айшықтайтын тауарлар қойылған. Бұл ретте Қазақстанның шай, шырын, бал мен сүт секілді өнімдері жергілікті халық арасында сұранысқа ие екен.

«Қытай - үлкен. Сол үшін бұл жаққа тамақ, азық-түлік өнімдері керек. Басқа технологияны олар өздері-ақ жасай алады. Ал біздің Қазақстанның өнімдері табиғи, таза, ешқандай қоспасы болмағандықтан, Қытай халқы таза табиғи тамаққа көпи қызығушылық танытады», - деді «Қытай-Еуразия» ЭКСПО көрмесіндегі Қазақстан павильонының қызметкері Гүлшара Бектенбаева.

Биыл жәрмеңке жасанды интеллектіге ден қойған халықаралық кәсіпкерлермен ынтымақтастықты арттырмақ. Қазірдің өзінде ЭКСПО-ға қатысуға әлемнің жетекші 100 компаниясы ниет білдіріп отыр екен. Бұл дегеніміз, алдағы уақытта көрме сөрелерінде азық-түліктен бөлек, ұшқышсыз ұшу аппараттары, бионикалық роботтар, биомедицина өнімдері мен цифрлық, энергетикалық және интеллектуалдық технологиялар орын таппақ.

Аяулым Көлжігіт, Нұрбол Қызықбаев, «Алматы» телеарнасы, Қытай Халық Республикасынан

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Түрксіб ауданындағы экожобалардың жүзеге асу барысын тексерді

Новости партнеров