Желіде танылған Нұржол Сатыбалды халықаралық мектепте тегін оқитын болды
Алматының Көк базарында филиппиндік блогермен ағылшын тілінде еркін сөйлесіп, желіде танымал болған оқушы тағы бір грант иегері атанды. Бұған дейін екі бірдей университетте тегін оқуға мүмкіндік алған жасөспірім енді халықаралық стандартқа сай жекеменшік мектептен де қолдау тапты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Білім ордасының әкімшілігі оның ынта-жігері мен талпынысын жоғары бағалап, 11-сыныпты тәмамдағанға дейінгі шығынды толық көтеретін болды. Енді ол жаңа оқу жылын жаңа ортада бастайды.
Бұл бейнежазба осыдан үш ай бұрын TikTok желісінде тараған. Филиппиндік блогерді қазақша сөйлеткен Нұржол Сатыбалды – Талғар ауданы Бесағаш ауылының тумасы. 8-сыныпты аяқтап, 9-сыныпқа өткен жасөспірім сабақтан тыс уақытта ата-анасына көмектесіп, сауда орнында қолғабыс жасап жүреді екен. Көк базарда түсірілген видеодан кейін оның есімі көпшілікке таныла бастаған.
«Филиппиндік Сергио есімді азамат мені келіп түсіріп кеткен болатын. Ол видео TikTok желісіне салынғанға дейін бір-екі апта бұрын түсірілген болатын. Мен танымал боламын деп мүлде ойламадым. Ол видео бір күнде 2,5 миллион қаралым жинаған екен», - дейді оқушы Нұржол Сатыбалды.
Шетелдік блогерге қазақ тілін үйреткен талғарлық оқушы желіде желдей ескен видеодан кейін екі бірдей университеттің грантына ие болды. 9-сыныпқа аяқ басқан Нұржол мектеп бітірген соң Қазақ-Америка университетінде немесе Швейцариядағы жоғары оқу орнында білім ала алады. Алайда көрсетілген қолдау мұнымен шектелмеді. Негізі 2022 жылы қаланған, білім беру жүйесі халықаралық стандарттарға сай жекеменшік мектеп оған үш жылдық тегін оқу мүмкіндігін сыйлады.
«Шетелдік туристерге ағылшынша сөйлеп, қазақша үйретіп жүргенін көрдім. Мен де оның осы әрекетіне тәнті болдым. Өйткені мұндай батылдық екінің бірінде бола бермейді. Бірақ Нұржан өз ойын, ұстанымын еркін айтып, өзінің көшбасшылық қасиеті барын көрсетіп тұр. Біз Нұржолға өз мектебімізден 100 пайыздық грант бердік. Біздің жаңа мектебіміз жақта тұрады екен. Оған сол мектептің грантын сыйладық», - деді жекеменшік мектептің директоры Қанат Бекниязұлы.
«Көңіл күйім өте керемет. Қуаныштымын! Осы Joo High School Медеу ауданында орналасқан, үш жылға 100 пайыздық грант бөлінді. Үлкен алғысымды білдіремін. Мені танымал еткен Марат аға мен Еркебұлан ағаға рахмет айтамын. Ең алдымен, мені осылай қолдап жатқан халыққа алғысым шексіз. Алла Тағалам маған осындай сый беріп жатыр деп ойлаймын», - дейді оқушы Нұржол Сатыбалды.
Тілге деген құрметі мен талпынысының арқасында танылып, талай мүмкіндіктің есігін ашқан Нұржол болашақта әуежайда қызмет етуді армандайды екен. "Шетелге жиі шығып, танымымды кеңейткім келеді" дейді желіде жұлдызы жанған жасөспірім.
Мәди Мәлік, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Таза Қазақстан: Алматыда экобелсенділер жолды тегістеп, шұңқырларды бітеді