Таза Қазақстан: Алматыда экобелсенділер жолды тегістеп, шұңқырларды бітеді

Мәслихат депутаты мен еріктілер қауіпті жол учаскесін қалпына келтірді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Алматының экобелсенділері, қалалық мәслихаттың депутаты Тимур Елеусізовпен бірлесе Әйтеке би көшесіндегі жол жамылғысын тегістеп, шұңқырларды бітеп шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

«Таза Қазақстан» акциясының аясында өткізіліп жатқан бұл іс-шара қауіпсіздікті арттырып, апат санын азайтуға бағытталыпты.

Атап өтерлігі, бастаманың іске асуына микроқаржы ұйымы атсалысты. Соның нәтижесінде жоба авторлары қажетті құрал-жабдық, керек-жарақпен толық қамтылған.  

«Біз неліктен осы іспен айналысып жүрміз? Себебі өз қолымызбен қаламызды көркейтуге көмектесе алатынымызға сенеміз. Санға емес, сапаға мән береміз. Бастама арқылы тұрғындардың шаһарымызға, тұрып жатқан мекенімізге деген көзқарасы әрдайым оң болуы керек екенін жеткізгіміз келеді. Біз жүргізген уақытша жөндеу жұмысынан кейін әкімдік те бұл көшелерге назар аударып, жол төсемін жақсартып береді», - деді мәслихат депутаты Тимур Елеусізов.  

Бұған дейін бірнеше көшенің жол төсемін қалыпқа келтірген жоба мүшелері өсіп кеткен, қозғалысқа кедергі келтіретін ағаш бұталарын кесумен де айналысады. Одан бөлек, сенбіліктер де ұйымдастырып, қала тұрғындарын табиғатқа жанашыр болуға шақырып жүр.

«Осы жерде жұмыс істейтіндіктен, жиі жүремін. Осы шұңқырларды басып өткен кезде өте ыңғайсыз, көлігіме де зияны тиеді. Сондықтан жолды жасап берген жігіттерге мың да бір рахмет», - дейді қала тұрғыны Әнуар Сағымбаев.

Оқи отырыңыз: Алматының Жетісу ауданында қанша ірі және орта кәсіпорын жұмыс істейді

Новости партнеров